Жуырда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы әлемдегі озық елдермен иық тірестірудің тетіктерін айқындап берді. Айрықша мән – маңызға ие мақаланы талқылау үшін жуырда аудан басшылығы да келелі жиын өткізді. Басқосуда мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған реформалар мен Елбасы мақаласындағы айтылған тың серпіндер біздің мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды екендігі айтылды. - Елбасының бұл мақаласы 25 жылдан бері қарай рухани құндылықтар туралы толғап жүрген ойларының бір түйіні деуге әбден болады. Біз бүгін мызғымас ұлт ретінде қалыптасуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жаңа бір кезеңін іске асыруға қадам басып отырмыз. Осы ретте Елбасымыз тарихымыздың ұлағатты тұстарыннан үлгі ала отырып, болашаққа тың бағдар бергендей. Біз ұлы даланың қазыналы тарихын зерделеу арқылы елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақ тәрбиелейтін жағдайға жетіп отырмыз. Бүгінде біз әлемдік өркениеттің ең озық дәстүрлерінен өзімізге жақын, болмысымызға сай тұстарын игеріп, өзіміздің ұлттық рухымызды дәріптейтін деңгейге көтерілдік. Елбасы мақаласында қазіргі заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырту, латын қарпіне көшу, прагматизм, дамудың эволюциялық қағидасы, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру сынды көптеген мәселелер қамтылған. Бұл – тарихи маңызы бар мақала, - деді аудан әкімі Ж. Айтуаров. Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Жапақов баяндама жасаса, жастар ресурстық орталығының басшысы А. Қонарбаев мақалада айтылған «Туған жер» бағдарламасы – ауыл аймақтың ажарын ашатын, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені сіңіретін игі бастама болатынын айтты. Аудан әкімі кездесуді қортындылай келе, Елбасы мақаласында айтылған міндеттемелердің жүзеге асуына күш – жігер жұмылдыру керектігін, мекеме басшылары мен село әкімдерінің бағдарламаға сай жекелей ұсыныстар даярлауы керектігін айтты.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ