Ақтауда саналы ғұмырын өңір журналистикасының дамуына арнаған «Қазақстанның құрметті журналисі», мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Түпқараған ауданының құрметті азаматы – Терекбай Жаңбыршыұлының 85 жылдығына арналған «Журналистика жүйрігі» атты еске алу кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еске алу кешіне Терекбай Жаңбыршыұлының өз зайыбы Светлана Терекбайтегі, досы, елімізге белгілі күйші Сержан Шәкірат, қоғам қайраткері Сағын Қырымқұл, Сайын Керелбай, Терекбай Жаңбыршыұлының балдызы Баянғали Құлтай, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы, өз ұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин және бір топ аға буын журналистер мен мектеп оқушылары қатысты.
- Бұл дүниеде екі адам дос болатын болса, сол Терекбай екеуміз шығармыз деп ойлаймын. Екеуміз мектепте де, университетте де бірге оқыдық. Редакцияда бірге жұмыс істедік. Екеуміздің антоним тұсымыз – Терекбай кіл ер баланы, мен қыз балаларды туғыза бердім. Мына отырған ұлы Еділ – Терекбай мен Светаның ғана емес, бүкіл елдің ұлына айналды. Ал Светлана, досым Терекбай көрмеген ұлдарыңның қызығын көр. Тек Жақсылықтар бола берсін, - деді күйші Сержан Шәкірат.
Терекбай Жаңбыршыұлы өмірінің көп жылдарын журналистика саласына арнаған. Ол аудандық «Жаңа өмір» басылымына бас редактор болып келген соң аудандағы көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін тапқан. Аудан халқының сеніміне ие болып, жоқшысы да һәм ақжолтай хабардың жаршысы да бола білген.
- 2007 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, аудандық газетке жұмысқа орналасқанымда арқа сүйейтін, кеңес сұрайтын адамым – Терекбай Жаңбыршыұлы еді. Ағай «Әр газет – өз балаң секілді» - деп үнемі айтатын. 2009 жылы облыстық «Маңғыстау» газетіне «Ақкетік арайына 5 жыл» деп мақала жаздым. Сол жылы ағай қоңырау шалып, хабар алып кетуімді сұрады. Сөйтіп, өз шақыртуымен үйіне барсам, Терекбай ағаның отадан жаңа шыққан кезі екен, әлсіреп қалыпты. Ұзақ әңгімелестік. Терекбай аға аудан жайлы жазған мақаламды оқығанын айтып, «2004 жылы шықты деп жазылған аудандық газет бетінің жоғарысына 1931 жылы шықты», - деп жазуымды сұрады. Кейін «Бас редактор бағаны» деген айдармен мақала жазып, басылымның шыққан жылын өзгерттік. Журналистикада «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін тәмсіл бар. Ал біз Терекбай ағаның мектебін көргенімізге қуанамыз, - деді Түпқараған аудандық «Ақкетік Арайы» газетінің бас редакторы Милана Елеусінова.
Терекбай Жаңбыршыұлы – Маңғыстау журналистикасының бастауында тұрған ағаларымыздың бірі де бірегейі.
- Терекбай ағамен үзеңгілес аға буын тұстасы, достары жақсы естеліктерін айтып жатыр. Етегінде жүріп көптеген тау тұлғаларымыздың биіктігін байқамай жатамыз. Ағамыз журналистика саласына жарты ғасыр ғұмырын арнады. Ол кісі өз тұсында аудандық газетке құнды ақпараттар шығара білген. Терекбай ағамыздың өмір жолына шолу жасауымыз қажет деп ойлаймын. Карл Маркстің «Мемлекет отбасынан құралады» деген сөзі бар. Адам өмірге келген соң өз артына мықты ұрпақ қалдырса, ізі ешқашан өшпейді. Біз де осы пайымға қосыламыз. Терекбай ағамыз бен Света анамыздың отбасында ұлттық құндылыққа суарылған ағаларымыз өсіп шықты, - деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, және архив ісі басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов.
Еске алу кешінің қорытынды сөзін Терекбай Жаңбыршыұлының ұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин сөйледі.
- Қазақта «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» - деген сөз бар. Әкем бес жыл бұрын дәл осы жұма күні фәниден дәріл бақиға аттанып еді. Әкеміз бен шешеміздің осындай отбасын құрып, сол кісілердің баласы болғанымызға мақтанамыз. Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық дегендей, әкеміз бізге көп дүние беріп кетті. Бала күнімде әкем: «Соңғы кастюмімді Еділге шешіп беремін» - деп айтатын. Бала болған соң, түсінбеуші едім. Алдағы уақытта жыл сайын әкем Терекбайдың атынан өңір журналистикасының сапасын арттырып, дамыту жолында бәйге жариялағым келеді. Оның құрылтайшысы, қаржылай қолдаушысы тікелей өзім боламын. Байқауға өңірімізге қатысты публицистикалық мақала жазып жүрген қыз-жігіттердің қатысуына болады. Менікі – ұсыныс. Ережесін өздеріңіз ұйымдастыра жатарсыздар.
Ертұғырыл би: «Бұл өмірдің сыры – әділдік үшін күрес» - деп айтқан екен. Әкеміз де осы әділдік үшін күрескен адам деп білеміз. Өңір басылымына қосқан еңбегі ересен. Қызметінде де, өз ұлдарына да, ағайын-тумаласқа да әділ болды. Әкеміз бен шешеміздің берген тәрбиесінің арқасында жаман болмадық. Жатқан жері жарық болғай! Орыс жазушысы Лев Толстой: «Мемлекет түзу болуы үшін отбасы түзу болуы керек. Отбасы түзу болуы үшін адам, ал адам түзу болуы үшін жүрек таза болуы керек» - деп айтқан екен. Барлығыңызға түзу, таза жүрек тілеймін. Жиынға қатысушыларға көп-көп алғысымды білдіремін, - деді Еділ Терекбайұлы.