Маңғыстау облысында 1994 жылдан бері АИТВ (ВИЧ) инфекциясымен тіркелгендер 267-ге жетті. Алайда олардың барлығы жергілікті тұрғындар емес, араларында өзге аймақтар мен шетелден келгендер де бар. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Жамила Махамбетқалиевадан адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) тіркелу жағдайын сұрағанымызда, өткен жылы бұл вируспен 41 адам тіркелгенін айтты.
- Олардың 27-сі еліміздің азаматтары, ал 14-і — шетелдіктер, - деді ол. - Шетел азаматтарын қоспағанда, Маңғыстау облысының 100 мың тұрғынына шаққандағы көрсеткіш 4,3 болды. 2016 жылы 32 жағдай тіркелген еді. Яғни, Қазақстан Респбуликасы азаматтарының арасында – 27, шетелдік азаматтар арасында 4 адам және 1 адам анонимді тіркелген. Бұл жолы да көрсеткіш – 4,3. Көріп отырғаныңыздай, бір жылда АИТВ-мен тіркелгендер 9 адамға артқан. Қазақстан азаматтары арасындағы көрсеткіш сол қалпында, ал шетелдік азаматтар арасында тіркелгендер 10 адамға көбейгені байқалады. Былтырғы көрсеткішті бөліп қарастыратын болсақ, Ақтау қаласында – 17, Мұнайлы ауданында – 5, Түпқараған ауданында – 3 және Жаңаөзен қаласында 2 жағдай тіркелген. Ал шетелдік азаматтар арасында – 14 адам тіркеліп отыр.
- АИТВ-мен тіркелген азаматтарды топтарға бөліп, тарқатсаңыз.
- Бұл инфекция негізінен 19-50 жас аралығындағы азаматтарды қамтып отыр. Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста 15-49 жас аралығындағы топтар арасында критерий – 0,06%, ал инфекция таралуының өсіңкі көрсеткіші – 0,045%. АИТВ инфекциясымен тіркелгендердің жыныстық бөлінісі бойынша сараласақ, әйелдермен салыстырғанда ер адамдар арасында жиірек кездеседі, ара-қатынасы — 4:1. Әлеуметтік-кәсіптік құрамы бойынша талдау жасасақ, АИТВ инфекциясы жұмыс істейтіндер арасында — 70,7%, жұмыс істемейтін адамдар арасында — 26,8%. Өкінішке орай, арнаулы орта білім беретін оқу орныдарының оқушылары арасында да 2,4% анықталып отыр. Инфекцияның берілу жолдарына тоқталсам, жұқтырылғандардың серіктесі кездейсоқ, таныстығы аз адамдар болып келетін гетеросексуалды жол басым сипат алып келеді. Анықталғандардың барлығымен тестіге дейінгі және тестіден кейінгі кеңес берулер өткізілді. Олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді, жақындасқан адамдар тексеруден өтті. АИТВ жұқтырылған Қазақстан азаматтары диспансерлік есепке алынды.
- Биылғы жағдай қалай болып тұр?
- 2018 жылдың қаңтар айында облыста АИТВ инфекциясымен 4 адам тіркелді. Олардың барлығы да Қазақстан Респбуликасының азаматтары. Былтыр осы кезеңінде 7 адам тіркелген болатын. Олардың біреуі қазақстандық, қалған алтауы шетелдіктер еді. Биыл тіркелген 4 адамның екеуі ер адам, екеуі — әйел. Жас айырмашылығына назар аударсақ, 3 азамат 30-39 жастағылар, біреуі 50-59 жас аралығында. Бұлардың үшеуі жұмыс істейтін, ал біреуі жұмыс істемейтін азаматтар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау тұрғындары қазақ тілін тегін үйрене алады