©
«Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылым сайтының тиражға қалай ықпал еткенін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, «Егемен Қазақстан» газетінің сайты дербес редакция ретінде жұмыс істейді және басылымның кеңірек насихатталуына ықпал етіп отыр.
«Былтыр «Нью-Йорк Таймстың» стратегиясын оқығаным бар еді, сонда газет басшылығы айтады: егер интернет-редакция жақсы жұмыс істесе, бұл газеттің тиражының кемуіне емес, керісінше, аудиториясының артуына ықпал етеді. Жапониядағы «Асахиге» барғанда да сұрадық, олар да америкалық әріптестерінің сөзін қайталады. (...) Біздің сайттың стратегиясы негізінен жедел және сенімді ақпарат таратуға бағытталған. Біз қазір ағылшын, орыс, латын және араб қарпіндегі нұсқаларымызбен редакцияға үлкен оқырмандар аудиториясын тартып отырмыз. Бұл газет тиражының кемуіне емес, керісінше, өсуіне ықпал етіп отыр. Себебі «Егеменнің» өзгергенін сайттан көріп, газетімізге бет бұрған жаңа оқырмандарымыз көп», - деді Дархан Қыдырәлі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстан» сайты мен газетінің ақпараттық саясаты екі түрлі екенін және бірін-бірі қайталамайтынын атап өтті.
«Жалпы, зерттеулер бізге интернет-сайттағы материалды адамның 40 секундқа дейін ғана оқи алатынын, газетті 40 минутқа дейін оқитынын көрсетті. Қағазды ұстап оқу адамның қабылдауына да басқаша әсер етеді, газеттен оқу интернеттен бөлек. Интернет арқылы көбінесе жедел ақпарат аламыз, ал енді салиқалы, сапалы сараптамаларды, құнды материалдарды адамдар көп жағдайда газет арқылы оқиды. Сондықтан сайтымызда жедел ақпарат таратуға, газетте - құндылығын жоймайтын салиқалы сараптамалық материалдарға көбірек көңіл бөліп отырмыз», - деп өз сөзін толықтырды ол.
Атап өткен жөн, 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газеті тираж саны бойынша (204 мың) Қазақстан басылымдары арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген. 2018 жылға жазылым науқанында - Қазпошта бойынша көрсеткіш 206 мыңнан асқан.
Көрнекі сурет сайттың архивінен.
Түсірген С. Майемерова