Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығында «Маңғыстау мен Үстірттің шыңырау құдықтары» атты ғылыми-танымдық кездесу кеші өтті. Елбасы Н. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының аясында өткен шарада Маңғыстау мен Үстірттің шыңырау құдықтарының тарихы, түрі мен ерекшелігі туралы баяндалды. Кешке Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, тiлшi, артына өшпес мұра қалдырған Бейнеубай Құлшарұлы құдықшының немересi Есберген Іңірбаев, өлкетанушы, Маңғыстау тарихы, мәдени ескерткіштері, Маңғыстау құдықтары туралы зерттеу мақалаларының авторы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік сараптамалық кеңестің төрағасы Алқажан Еділхан және өлкетанушы, аңшы, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы Алдаберді Ақшабаев қатысты. «Кеш қонақтары Маңғыстау мен Үстірт құдықтарының ғасырлар бойы сақталып келген және көшпендiлердiң өмiр-тұрмысында үлкен рөл атқарған, осы өңiрдi жайлап-қыстаған халықтың өмiр көзi болған құдықтар жайында дайындалған слайд және жылжымалы көрмені көрсетті. Сондай-ақ «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» кешенді экспедициясы аясында дайындалған «Маңғыстаудың қайнар көздеріне саяхат» атты фильмнен үзінді көрсетілді», - деп атап өтті қорықтың бөлім меңгерушісі Айман Яриханова. Қонақтар студент жастарға құдықтар туралы тың мәлiметтер айтып, шыңырау қазудың қырлары мен сырларына тоқталды. Шыңырау-құдықтардың салыну әдісі, түрлері, олардың зерттелуі жайында сұрақтарға жауап берді.