ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин жүзуден Олимпиада жеңімпазы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлау фактісіне пікір білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Шынында, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлау фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бейнебақылау камералары аталмыш қылмысты түсіріп алған. Сол себепті Алматы қаласының Полиция департаментінің жедел қызметкерлері аталған қылмысты жасағандарды ұстайды деген үміттеміз», - деді Юрий Ильин Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Айта кетсек, кеше бірқатар БАҚ көздері Алматыда белгісіз біреулер спортшының көлігінің айнасын ұрлап кеткені туралы хабарлама таратқан болатын. Баландин достарымен дәмханада тамақтанып шыққаннан кейін, машинасының айнасып таппай қалған. Ұрлық туралы полицияға хабар берген. «Көлігімнің маркасы Toyota Land Cruiser. Оны Олимпиададан кейін сыйлаған болатын. Бір айнаның бағасы 400 мың теңге шамасында. Айна ұрлығы әлі тоқтаған жоқ. Біздің халық өзгермейді», - деп келтірген болатын спортшының сөздерін inalmaty.kz сайты. Айта кетелік, ұрлық Құрманғазы, Абылайхан және Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Былтыр осы маңда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қаза тапқан еді. Алматы полициясы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлік айнасын ұрлаған күдіктіні анықтады. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл дерекке байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. «Қалалық Криминалды полиция басқармасы кешенді тергеу-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Сыртқы бейнебақылау камераларындағы видео алынып, ұрлық жасаған адамның жеке тұлғасы анықталды», - деді Полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Сондай-ақ ұрланған затты сатып алған саудагерлер анықталуда. Криминалды полицияның хабарлауынша, қылмыскер тура сол күні «Рэндж Ровер» көлігінің де айнасын шешіп кеткен.