©
2019 жылдың екі айында Маңғыстаудың медициналық мекемелерінде 572 бұзушылық анықталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Маңғыстау филиалы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Филиал мамандары электронды жүйе арқылы күн сайын стационарлық және стационарлық емдеуді алмастырушы медициналық көмекті бақылап отырады. Бақылау медициналық мекемелердің тізілімінен басталады. Бұдан кейін келісімшартты орындау xаттамасы толтырып, акт жасалады. - Бақылау кезінде қаңтар-ақпан айларында 572 бұзушылық анықталды. 36 заң бұзушылық (6,3%) медициналық қызмет көрсету бағасының негізсіз қымбаттауымен бйланысты. Ал 244 заң бұзушылық, яғни 42,7%-ы медицина қызметкерлерінің емдеу-диагностикалық шаралардан бас тартуынан туындаған, - дейді филиалдың медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы Мадина Баспаева. Қаңтар-ақпан айларында медициналық нұсқаулықсыз көмек көрсету (30 дерек), науқастың мәліметтерін стационардағы науқастардың электронды тізіліміне дұрыс енгізбеу (133 дерек), бір ай ішінде науқастың емделген ауруымен ауруxанаға қайта түсуі (6 оқиға) тіркелген. Айта кетелік, қор биыл облыстағы 55 медициналық ұйыммен шарт жасасып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 22 247 науқас емделген.