Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада маңғыстаулық 22 оқушы топ жарды. Оған Маңғыстау облысынан 65 оқушы қатысты. Олимпиаданың жаратылыстану-математика бағыты Ақтөбе қаласында, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыты Қызылорда қаласында өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстаулық 14 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағытта, 8-і жаратылыстану-математикалық бағытта жүлделі болды. Ақтөбе қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада информатика пәнінен Ильдар Қаналиев 1-орын алса, Қызылорда қаласында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағытта Қазақстан тарихы пәнінен Темірлан Жұмалиев жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Бекзат Рахимбаев, Қайыржан Алқабаев, Мырзабек Танжарбаев пен Жарас Джайлыбаев 2-орын алды. Ал қалған 16 оқушы 3-орынды иеленді. "Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Сайыстың өту барысын онлайн режимде қарауға мүмкіндік болды. Барлық оқушы жақсы нәтиже көрсетті. Алайда жүзден жүйректер ғана орын алды", - дейді Дарын мектебінің әдіскері Гауһар Таджибенова. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, республикалық пәндік олимпиада бойынша 2017 жылы маңғыстаулық 36 оқушы, 2018 жылы 33 оқушы жүлде алды.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттерді Г. Таджибенова ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76408,76409,76405"]