Маңғыстау облысында бір мезетте 2 мыңға жуық адам Қазақстанның Әнұранын орындады. 4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздерінің күніне орай арнайы ұйымдастырылған шара облыстың барлық қала, аудандарының орталық алаңдарында өтті. Ақтаудағы Мемлекеттік рәміздер алаңына 500-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, аумақтық ведомстволардың қызметкерлері бар. Жиналғандармен бірге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов та Әнұранды орындады. Патриоттық шараға мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов те қатысты. Ол 1991-1993 жылы ҚР Жоғары кеңесі төрағасының орынбасары болып, "Мемлекеттік рәміздер туралы" Заңның қабылдануына атсалысқан. "Мемлекеттік рәміздердің алдын ала дайындалып, соның қабылданғанына куә болған адаммын. 4 маусым күні Заңға Тұңғыш Президент Назарбаев қол қойды, "Мемлекеттік рәміздер туралы" Заң 6 маусым күні күшіне енді. Қайда жүрсем де мемлекеттік рәміздерді көргенде ерекше сезім билейді, мемлекетке, отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті сеземін. Барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер мерекесімен құттықтаймын", - деп Қ.Ережепов сол тарихи сәтті еске алды. "Елбасымыз Н.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандылығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер» деп атап өткен болатын. Кез-келген мемлекеттің көркейіп гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Ендеше, әрдайым рәміздерімізді қастерлеп, бірлігі мен берекесі жарасқан тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болғай", - деді облыс әкімі Е.Тоғжанов құттықтау сөзінде. Маңғыстау жұртшылығы Әнұранды бір мезетте бірге шырқағаннан кейін мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқан жас мамандар көпшілік алдында ант берді. "Мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзімнің биік жауапкершілігімді сезіне отырып, Конституция мен заңдарды сақтауға, халқыма адал да білікті қызмет етуге ант етемін", - деді жас мемлекеттік қызметкер Әйгерім Наурызова. Айта кетелік, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 11 қаңтарда «Ақорда» резицендиясында алғаш рет мемлекеттік әнұран ретінде шырқалған. Ал Қазақстанның Туы Антарктидада, Батыс Еуропаның «Монблан» биігіне (4 810 метр), Азиядағы Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және әлемнің ең биік Эверест шыңында (8 800 м) желбіреді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Фотоларды және видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80682,80681,80680,80683,80678,80679,80677"] https://youtu.be/-AkzCNldsW8