©
Баршамыз білетіндей, әрбір мемлекеттің туы, елтаңбасы және әнұраны болады. Бұл — елдің мемлекеттігін айқындайтын айшықты нышаны. Біздің де мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны заңмен бекітілген. Бұл мемлекеттік рәміздеріміздің түр-түсінде, мәтінінде, ән әуенінде терең мағына бар. Мысалы, мемлекеттік туымыздың түсі көк. Аспан реңінде.Оның символдық мәні мынада. Біз түркі текті халықпыз. Ежелгі түркілер аспанды Тәңір-атаға балап, көк түсті таңдап, түп атаға деген адалдықты бейнелеген екен. Осыған қарап, біздің туымыздың түсі де ашық аспанды, бейбітшілікті, ал түстің біркелкі болуы елдің бір тұтастығын бейнелеп тұрады. Кезінде туымыздың авторы Шәкен Ниязбеков те осындай оймен, мақсатпен туды кескіндеп, бейнелеген. Сол секілді Елтаңбамыздың да бейнесі терең мәнге ие. Айталық, елтаңбада дөңгелек нысан мен көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнеленіп, шаңырақты айнала күн сәулесіндей шаңыраққа уықтар көрініс тапқан. Екі жағында аңыздағы пырақтар кескінделген. Міне, бұлар да символикалық мәні зор бейнелер. Және «Қазақстан» деген алтын түстес жазу-мемлекетіміздің атын айғақтап тұр. Осы орайда бұл жазу биылдан бастап қазақ әліпбиінің латын әріптерімен жазылғанын да ескеріп жүргеніміз жөн. Еңселі еліміздің Елтаңбасының авторлары - белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов. Мемлекеттік Әнұранымыз - «Менің Қазақстаным» әні. Бұл әнді сазгер Шәмші Қалдаяқов ақын Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазған еді. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев әнге Мемлекеттік Әнұран мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық шығарманың бастапқы мәтінін өңдеді. Ол 2006 жылы жаңа Әнұран болып қабылданды. Әнұранның сөзі – Н.Назарбаев пен Ж.Нәжімединовтікі. Әні - Шәмші Қалаяқовтікі. Міне. осындай мемлекеттік рәміздеріміздің тарихын біле жүріп,ережеге сәйкес рәміздерімізді орынды жерлерде қолданып, құрметтеп жүруге міндеттіміз. Бұл— барлық қазақстандықтарға ортақ парыз. Өйткені мемлекеттік рәміздеріміз – елдігіміздің айқын белгісі. Біз осындай терең мағынаға ие рәміздері бар Қазақстан мемлекетінің азаматы болып жүргенімізге мақтануға тиіспіз.Рауан газеті №30-31