Жуырда тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылы жарты ғасырлық ғұмырын артқа тастап, 50 жылдық мерейтойын атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 2 күн қатарынан тойланған мерекенің басы ел азаматтарының ұрпаққа қалдырған аманат хатын ашудан басталды. Аманат хат 1989 жылдың 5 қазанында сол кездегі СССР-дың 60 жылдығы атындағы совхоздың директоры Есқуат Тәңірбергенов, совхоз партия комитетінің секретарі Құрманбай Ғайыпбаев, селолық совет председателі Шаршаған Жұмағұлова, кәсіподақ комитетінің председателі Сүймен Қойшыбай, комсомол комитетінің секретарі Асқар Есбергенов сынды ауыл еңбекшілері атынан жазылып, мөр басылған. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86721,86722,86723"] Хатта совхоз өмірінің қалыптасу және 20 жылдық кезеңіндегі бет алысы, болашағы және аға ұрпақтың аманаты жазылған. 1 отар қой, 1 табын жылқыны қолмен қауғалап суарып, қоғам малының тағдырына зор үлесін қосқан совхоз өмірімен етене танысқан ауыл тұрғындары Еламановтардың және ауыл өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалауға мәдениет үйіне енді. Жырақта жүрген ауыл түлектері туған жерді әнге қосқандарды ыстық ықыласпен тыңдап, қошеметке бөледі. Өлеңдері оқырман жүрегінен жол тапқан Рахат Қосбармақов, Анар Шамшадинова, Нұргүл Маулина сынды шайырлар осы Ақжігіттен түлеген. Айта кетейк, Ақжігіт ауылы 1969 жылдың наурызында «Маңғыстау» кеңшары болып құрылған. Кеңшарға 15 жыл жетекшілік еткен алғашқы директор Таушанбай Қорбақовты бүгінде бүкіл ауыл-аймақ таниды. Халықаралық маңызы бар автожол бойындағы бұл ауыл қысы қытымыр, жазы ыстық, желі шаң борататын елдің шетінде, жердің өтінде орналасқан. Еске сала кетейік, халықаралық маңызға ие Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы жолы биыл 17 шілде күні ашылған еді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86729,86728,86727,86726,86725,86724"]