Маңызды мәселелер – мәслихат сессиясында
[ 2019 ] 29 қазан, 04:30 | Жаңалықтар
Облыс бюджетіне өзгерістер енеді
Өткен жұмада 6 сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс 31-сессиясы өтті. Ең алдымен өңір басшысының орынбасары Ә.Қыраубаев 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті жайлы жан-жақты баяндап, шығыстар мен кірістер жобасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар легін депутаттар назарына берді.
«Жыл басынан бері бюджет үш рет нақтыланып, бүгінгі таңда облыс бюджетінің көлемі 245 млрд. теңгені құрап отыр. Бюджет параметріне енгізілетін өзгерістер бірінші кезекте республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелердің өзгеру соммасына жүргізіледі. Оның ішінде ағымдағы трансферттер мен бюджеттік несиелер 9,4 млрд. теңгеге көбейеді. Білім беру саласындағы трансферттер көлемі мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша орта білім беру ұйымдарының жан басына шаққандағы қаржыландыруын сынақтан өткізуден үнемделген 197 млн. теңгеге қысқарады. Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінген 93 млн. теңге тоықтай қысқартылады. Әлеуметтік салаға енгізілген өзгерістерге тоқталып өтсем. Атаулы әлеуметтік көмекке қосымша 1,9 млрд. теңге бөлінетін болады. Бүгінгі таңда 52 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 3,9 млрд. теңгеге төлемдер жүргізілді. Жыл соңына дейін көмек алушылар саны 70 мыңнан асады деп күтілуде. Контингенттердің артуына байланысты мүгедектерді гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 27 млн. теңге қосымша қарастырылады. Транспорт саласында жергілікті маңызға ие автожолдарды орта жөндеуден өткізуге қосымша 383 млн. теңге бөлінеді. Оның ішінде Форт-Шевченко-Таушық, Қызылсай-Сенек, Қызан-Ақшымырау жолдары бар. Білім беру саласында нысаналы трансферттер көлемі 574 млн. теңгеге азаяды. Оның ішінде Ақтау қаласы 34 шағынауданда 600 орындық орта мектеп құрылысына қарастырылған 1,2 млрд. теңге нысанның сыйымдылық қуатының қайта есептелуіне байланысты толықтай қысқартылады. Сонымен қатар Мұнайлы ауданы Батыр ауылындағы 960 орындық мектеп құрылысы келесі жылға өтпелі болғандықтан 500 млн. теңгесі Ақтау қаласы 34-шағынаудандағы 900 орындық орта оқу ордасының құрылысын бастауға қайта бағытталатын болады. Бұдан бөлек Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысын жалғастыруға қосымша 733 млн. теңге бөлінеді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласында жолдар құрылысының 4 нысаны бойынша үнемделген 95 млн. теңге Форт-Шевченко қаласының Жаңакент шағынауданында 9 жер телімін көгілдір отынмен қамтуға қайта бағытталады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Мұнайлы ауданы Маңғыстау-4 ауылында 15 шақырымдық ауылішілік жол құрылысын жалғауға қосымша 161 млн. теңге қарастырылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қарақия ауданы Құрық ауылында төрт қабатты бес жалдамалы үйдің сыртқы инженерлік желілерін салуға 344 млн. теңге бөлінбек. Транспорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында «МАЭК» су қоймасынан Құрық портына дейінгі жолды қайта құрылымдауға қарастырылған 16,9 млрд. теңге көлеміндегі жылдық жоспар 3,5 млрд. теңгеге қысқартылды. Қысқартылған сомма «Ата жол» автокөлік жолының екінші кезеңіне, «Шетпе-Қызан», «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала» бағытындағы, Өмірзақ ауылынан – жылы жағажайға дейінгі және Басқұдық ауылішілік жолдары мен Шора каналынан көпірге дейінгі жол құрылысына бағытталады деп көзделген. Қалған 9,2 млрд. теңге республикалық бюджетке қайтарылады. Газ тасымалдау жүйесін дамыту бағытында Түпқараған ауданы Ақщұқыр ауылын көгілдір отынмен қамту бойынша іске асырылған үш жобадан үнемделген 95 млн. теңге Сайын Шапағатов ауылындағы жер телімдерін газбен қамтуға қайта бағытталады. Өңірдің өзекті мәселелерінің бірі – ауыз су тапшылығын шешу үшін «Каспийсутұщыту» зауытының тәуліктік қуатын 40 мың текше метрге дейін арттыру қажет. Бұл мақсатта 1 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие жоспарланды.
Осы нақтылауда жергілікті бюджет параметрлеріне мынадай өзгерістер енгізу ұсынылады. Өздеріңізге мәлім соңғы үш жылда жергілікті бюджеттің кірістері бойынша жоспар орындалмай келеді. Бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде республикалық бюджет игерілімдігін сақтауға 6,9 млрд. теңге көлемінде трансферт бөлінетін болады. Бұдан бөлек жыл соңында бюджет шығыстарының жүз пайыздық орындалысын қамтамасыз ету үшін шығыстар көлемін 3,8 млрд. теңгеге қысқартылады. Бюджеттік қысқарту мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша қалыптасқан үнемдеу, қабылданған міндеттемелер мен басымдылығы жоқ іс-шараларды оңтайландыру соммасынан қысқартылды. Босатылған сомманың бір бөлігін халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін әлеуметтік шығыстарға бағыттауды ұсынамыз», - деді облыс әкімінің орынбасары Ә.Қыраубаев.
Облыс бюджетін тағы бір мәрте нақтылау әрі жоспарлау барысында халық қалаулылары тарапынан бірқатар ұсыныстар ортақ талқыға түсті. Облыстық мәслихат депутаты А.Меңдібаев спортты қаржыландыру жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Соның ішінде футболды қаржыландыруда қосымша демеушілер қолдауына иек арту, бұдан артылған қаражатты бұқаралық спорт түрлерін дамытуға бағыттау қажеттігін еске салды. Ал А.Өрісбаев халықтың талап-арызы, өтінім-тілегі негізінде туындаған денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер турасында сөз сөйлеп, өз ұсынысын облыс әкімі мен депуттарға жеткізді.
«Тұрақты комиссиялар отырысында ең жиі көтерілетін тақырып – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер. Өзге облыстармен салыстырғанда дәрі-дәрмектерді жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру біздің өңірде ең төменгі көрсеткішке ие. Өзіңізге мәлім, облыстың демографиялық дамуы аса қарқын алып келеді. Халық саны жыл санап өсуде. Сәйкесінше шығын көлемі артуда. Сол себепті тегін дәрі-дәрмектердің тізімін жаңартатын уақыт келді. Соңғы рет өзгеріс үш жыл бұрын енгізілді. Жыл басынан бері денсаулық сақтау басқармасына тапсырма береміз, бірақ әлі күнге дейін өзгеріс жоқ. Бұл мәселе 2020 жылдың бюджетін жоспарлау барысында назардан тыс қалмау қажет. Мәселен, облысымызда қазіргі таңда 5 бала буллезный эпидермолиз ауруына шалдыққан. Бұл балалардың еміне жыл аяғына дейін 18 млн. теңге қаражат қажет. Қаржыландыру тетігін тауып, көмек қолын созу қажет», - деді халық қалаулысы.
Облыс әкімі С.Трұмов аталған мәселенің жуық арада шешім табатындығын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз бірінше сессиясында Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы, өңір бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы туралы шешім қабылданды. Бұған қоса Маңғыстау облыстық мәслихатының «Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау қағидаларын бекіту» және «Маңғыстау облысы әкімдігінің дербес құрамы» туралы шешімдеріне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Облыстық мәслихаттың отыз екінші сессиясының төрағасы болып Ахмет Салманов сайланды.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс жиілеуде
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 31-сессиясының күн тәртібіне сәйкес Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы Қ.Таймерденов баяндама оқып, құқық қорғау саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, өз тарапынан бірқатар ұсыныстар білдірді.
«9 ай қорытындысына сүйенсек, ауыр қылмыстар - адам өлтіру, тонау, бұзақылық, бөтен мүлкін ұрлау, көше қылмыстары деңгейі төмендеді. Жалпы тіркелген қылмыстардың 39 пайызы – ұрлық қылмысы. Аталған қылмыстарды болдырмау және алдын алу мақсатында кіреберістер мен аулаларда бейнебақылау камераларын орнату үшін көпқабатты үйлер мен коммерциялық нысандар иелерімен кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Есепті мерзімде Ақтау, Жаңаөзен қаласында 600-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылып, нәтижесінде камера орнатылған аудандарда қылмыстар мен құқықбұзушылықтар тіркелген жоқ. Осыған сәйкес пәтер ұрлығы да 16,8 пайызға төмендеді. Сонымен қоса, бейнебақылау камераларын қоғамдық көліктерге орнату мәселесі бойынша автобус иелеріне өткізілген кездесулерден кейін 93 автобусқа камера орнатылып, нәтижесінде қалта ұрлығы 4 есеге қысқарды. Мал ұрлығының алдын алу, анықтау және ашу мақсатында мал иелерімен таңбалау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 9 айда 30 мыңға жуық мал басы, жылқы түлігінің 45 пайызы шектелді. Мал ұрлығы 26,6 пайызға төмендеді. Сондай-ақ осы бағытта түсіндіру жұмыстары атыс қару иелерімен жүргізіліп, 2018-2019 жылдың 9 айы ішінде қару иелері дабыл жүйесіне қосылды. Нәтижесінде атыс қаруының ұрлығы тіркелген жоқ.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес үздіксіз жүргізілуде. Ғаламтор арқылы, әсіресе жастар арасында есірткі таратудың жолын кесу аясында ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізіліп, есірткі мен оның аналогтарын жарнамалау және сатумен айналысатын 72 парақша анықталып, бүгінде олардың қызметі тоқтатылды. Соңғы уақытта есірткі бизнесімен қарсы күрес жөніндегі бөлімшелердің қызметі есірткінің ірі мөлшердегі және ауыр түрлерін, оның ішінде синтетикалық түрлерін өткізушілерді анықтауға бағытталды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мамыр айында облысымызда аса ірі мөлшерде героин есірткі затын тасымалдап, сатумен айналысқан «Бегенов» ұйымдасқан қылмыстық тобы құрықталып, жолы кесілді. Қыркүйек айында аса ірі мөлшерде есрткі тасымалдаумен айналысқан ҚР-нің екі азаматшасы ұсталды. Шара барысында жер астына жасырылған салмағы 91 келі шығатын 7 топ марихуанна есірткісі табылып, тәркіленді. Жыл басынан бері 300-ден астам есірткі фактісі анықталды.
Ақтау қаласында ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырудың жолын кесуге байланысты бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Екі жыл ішінде облыста букмекерлік кеңеселердің қызметіне байланысты көптеген әкімшілік құқыбұзушылықтарды есептемегенде 97 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 6 қарақшылық, 27 тонау, 36 бұзақылық, 22 ұрлық . Прокуратура және мемлекеттік кірістер департаменті бірлесе жүргізген іс-шаралар нәтижесінде екі жыл ішінде облыс аумағында 147 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды.
Бүгінгі таңда өңірде тағы бір өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Облыс бойынша жасөспірімдер қылмысы өткен есептік кезеңмен салыстырғанда 1,4 пайызға өскен. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында жедел профилактикалық және облыстық білім беру әрі спорт басқармаларымен бірлесе патриоттық сипаттағы мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Қоғамдағы күйіп тұрған маңызды мәселе, өршіп тұрған қылмыс – балаларға жасалатын жыныстық зорлық-зомбылық. 5 жыл ішінде облыста 3 жастан 13 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы 44 қылмыс жасалған. Оның ішінде 13-і зорлау, ал біреуі адам өлімімен аяқталған. Оның 8-і жыныстық сипаттағы және 21-і жасөспірімді зорлау қылмысы. Барлық 44 қылмыскер-педофил ұсталып, әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Облыс бойынша 91 педофил есепте тұр. Оның 28-і бостандықта, 5-уеі психикалық диспансер есебінде. Биыл жыл басынан бері жас балаларға қатысты 6 жыныстық сипаттағы қылмыс тіркелді. Осы орайда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен орта білім ордаларының бастауыш сыныптарына, оның ішінде жеке балабақшаларда психологтар қатысуымен көшелер мен қоғамдық орындарда бөтен адамдармен сөйлеспеу керектігін түсіндіру бойынша сабақтар өткізу аса қажет деген ойдамын.
Ел Президенті аса назар аударған басым бағыт –жол қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету, оның ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқан азаматтар санын азайту. Осы мақсатта облыстың автожолдарына көркемдік ақпарат құралдары ілініп, патрульдік автокөліктің жеті макеті және жаяу жүргіншілер мен өткелдер жанына балалар үлгісіндегі макет орналастырылды. Жолдардағы апатты төмендету мақсатында «Ақтау-Жаңаөзен», «Ақтау–Бейнеу» бағытында рейстік маршрутты ашуды ұсынамын», - деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы Қ.Таймерденов.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86703,86699,86701,86702"]
1201
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.