Бұл туралы бүгін ӨКҚ-де «Үлгілі ауыл» байқауының жұмысшы тобы мен жеңімпаздары қатысқан брифингте Таушық ауылының әкімі Шалқыбай Әзімбаев мәлімдеді. Байқау қорытындысы жөнінде өткен жиынға жұмысшы тобының басшысы Орынбасар Тоғжанов, МО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, Таушық ауылының әкімі Шалқыбай Әзірбаев, Ұштаған ауылының әкімі Жанбибі Молдашева қатысты.
Осыдан бірнеше ай бұрын Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен «Үлгілі ауыл» жобасы қолға алынған еді. Оған байланысты облыстағы ең үлгілі ауылды анықтау шаралары басталып кеткен. Байқауға арнайы құрылған жұмысшы тобы қатысуға ниет білдірген ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігмен танысып шықты. Сайыс шартына сәйкес, ауылдың тазалығы, көгалдандыру жұмыстары, әлеуметтік-әкономикалық жағдайы, мәдениеті т.б. басты назарға алынды.
Конкурстың мақсаты – ауылды көгалдандыру, абаттандыру, тұрмыстық қатты қалдықтардан арылту, ауылдың санитарлық жағдайын жоғарылату.
Байқау халық саны 3000-ға дейінгі және 3000-нан жоғары ауылдар бойынша екі аталыммен өтті. Алғашқы аталымда Маңғыстау ауданы Ұштаған ауылы үздік деп танылса, екінші аталымда Түпқараған ауданы Таушық ауылы жеңімпаз атанды.
– Таушық ауылындағы демографиялық ахуал жылдан-жылға өсуде. Жылына 100-115 сәби дүниеге келеді. Қазір халық саны 3100-ден асты. Ауыл іші асфальт жолмен толық қамтылған, 85-90% түнгі жарықтар орнатылды. Ауылымыздағы 100 орындық балабақша 100 баланы толық қамтып отыр. Халық санының артуына байланысты, қазір мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде, тағы екі балабақшаның құрылысын бастадық. Бірін сол жердің тұрғыны, жеке кәсіпкер салып жатыр. Келесі айда оны пайдалануға береміз. 35-40 адам жұмыспен қамтылатын болады. Мемлекеттік негізде салынып жатқан екінші балабақшаның да құрылысы 70%-ға дейін аяқталды. Мүмкіндік болса, желтоқсан айында пайдалануға береміз деген ойдамыз, – деді Таушық ауылының әкімі Шалқыбай Әзірбаев.
Таушық ауылында мұнымен қатар, спрот кешендері, ашық алаңққайлар, демалыс орындары, саябақтар тұрғызылған. Ауыл басшысының айтуынша, кешен салынғалы ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы артқан. Оның дәлелі – халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеткен жетістіктер.
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев, кәсіби режиссер, әнші Зәуреш Есбергенова, сәулетші, ақын Сайын Назарбекұлы сынды тұлғалар тәрбиеленген Ұштаған ауылының даум қарқыны да жоғары.
– Ұштаған ауылы табиғи құммен ерекшеленеді. Құм көшкінін тоқтату, өсімдік жамылғысын қалпына келтіру мақсатындағы жұмыстар 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді және өте жақсы нәтиже берді. Қазір ауылдағы әлеуметтік нысандардың жаны тек ағаштармен ғана емес, гүлзарлармен көмкерілген. Ауыл тұрғындары да осы мәселеге барынша көңіл бөлуде.
Одан соң жер астынан шығатын табиғи сумен ауыл халқын қамтамасыз етіп отырмыз. Осы экономикалық шығынсыз суды пайдаланып ауылдан бассейн салдық. Балалардың емін-еркін жүзіп, ойнауына мүмкіндік бар. Субұрқақ та жұмыс істеп тұр. Күннен қуат алатын көше шамдарын да орнатқанбыз. Ауыл көшелеріне, саябақтарға түнгі мезгілде сән беріп, жарықтандырып тұрады, – дейді Үштаған ауылының басшысы Жанбибі Молдашева.
Айта кетейік, ауылдарға берілген ақшалай сыйлықтың 80%-ы көгалдандыру жұмыстарына жұмсалуы тиіс. Қалған 20%-ы көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарына үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға ұсынылады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН