©
Испанияның Тенерифе қаласында каратэ-додан өткен Әлем чемпионатынан жағымды жаңалық жетті. Әлемнің 115 елінің жастары бақ сынаған сайыста маңғыстаулық өрен – Еркінбек Байтөреев 61 келі салмақта чемпион атанды.
17 жасар Еркінбек 9 жасынан бері каратэмен шұғылданады. Содан бері қатысқан додаларының барлығынан дерлік олжалы оралып жүр.
Жаттықтырушысының айтуынша, биыл Экспо-2017 көрмесі аясында өткен Азия чемпионатында 2 орын иеленіп, Әлем чемпионатына жолдама алған.
– Еркінбек 2009 жылдан бері каратэмен айналысады. Сол жылы ең алғаш Жаңаөзендегі спорт мектебіне келген болатын. 2011 жылдан бері үлкен жарыстарға қатысып жүр. Үнемі жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. Бұл Әлем чемпионатында 6 қарсыласпен кездесті. Болгария, Швеция, Польша, Испания, Жапониядан келген спортшыларды тізе бүктіріп, финалда әзірбайжандық қарсыласынан басым түсті. Жалпы Еркінбектің мінезі ашық, кез келген адаммен тез тіл табыса білетін спортшы. Қарсыласын өте жақсы сезіне алады, – дейді МО Дене шынықтыру және спорт басқармасының "Маңғыстау облыстық каратэ-до бойынша мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі" ММ жаттықтырушысы Шамов Мирас.
Еркінбектің жетістіктері:
2011 ж – Теміртау қаласы, Қазақстан біріншілігі – 1 орын; (Спорт шеберіне үміткер атанған).
2012 ж – Алматы қаласы, Қазақстан біріншілігі – 2 орын;
2013 ж – Щучинск қаласы, Қазақстан біріншілігі – 3 орын;
2014 ж – Байқоңыр, Қазақстан чемпионаты – 1 орын;
2015 ж – Малайзия, Азия чемпионаты – 3 орын;
2015 ж – Грузия, Әлем Чемпионаты, командалық есепте 1 орын;
2016-2017 жж – Ақтау, Қазақстан біріншілігі – 1 орын;
Жаңаөзендік чемпион Испаниядан 1 қараша күні елге оралады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер Мирас Шамовтан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40502,40503,40504,40501,40498,40500,40497,40496"] https://www.youtube.com/watch?v=NK42qVH6E5s&feature=youtu.be