Қазан айында сұңғыла сөз сүлейі, кемел ой иесі, дарабоз дарын Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы өзі туған жерінде кең көлемде аталып өтті. Ауқымды іс-шара аясында Ақтау төрінде ұлағатты өмір жолы мен мәңгі өшпес мәдени-рухани мол мұрасына арналған тарихи-өлкетану музейі мен еңселі ескерткіші бой көтерді.
Шілде айында халықаралық дәрежедегі Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан тас жолы ашылды. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қатысты.
Жыл қорытындысы бойынша биыл өңірге 500 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылды. Жалпы құны 29 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бүгінгі таңда 5 жоба толықтай іске қосылды. «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймағында «Satex Chemi» битум эмульсиясы негізінде гидро-оқшаулағыш материалдар өндіретін зауыт іске қосылды. «BEST-Group NS» ЖШС жел электр стансаларын салу жобасын сәтті жүзеге асырды.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Түркияның «Файн Отель Туризм Ишлетмеджилик» компаниясының өкілі Терджан Танселмен кездесіп, Маңғыстау облысы әкімдігі мен аталмыш шетелдік компания арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан мен Әзірбайжан Премьер-Министрлері Каспий теңізінің түбінде салынатын талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысын ашты. ҚР-дың Үкімет басшысы Асқар Мамин және Әзірбайжан премьер-министрі Али Асадов Ақтау қаласында өткен Каспий теңізінің түбінде екі ел арасындағы байланыстың талшықты-оптикалық желісін (ТОБЖ) салу бойынша «Trans Caspian Fiber Optic» (TCFO) салуды бастау салтанатты рәсіміне қатысты.
«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен метанол мен олефиндер өндіретін зауыт құрылысына капсула салу рәсімі өтті.
Жобаны сингапурлық «WestGasOil» компаниясы жүзеге асырады, инвестициялар көлемі – $1,8 млрд. Зауыттың қуаттылығы – жылына 300 мың тонна метанол мен 600 мың тонна олефин.
«Жастар жылында» ерекше атап өтер жетістік - Маңғыстау өңірінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банкі бірлескен «Zhas Project» жобасының сәтті жүзеге асырылуы. Әлеуметтік жобаға 14–29 жас аралығындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан, жұмыссыз, орта арнаулы не жоғары білімі жоқ, табысы төмен жастар қатысты.
Ақтауда «ҚазМұнайГазҒЗЖИ» өндірістік бірлестігі филиалына қарасты жаңа әкімшілік-зертханалық ғимарат іске қосылды. Қызыл лента қию құрметі облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев пен мұнай- газ саласы ардагері Ұзақбай Қарабалинге, сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жақып Нәсіпқалиұлы мен ҚР Энергетика вице-министрі Махамбет Жолдасғалиұлына берілді.
Облыс әкімі Серікбай Трұмов аймақтағы ҚР Жазушылар одағы мүшелерімен кездесіп, қаламды серік еткен қауыммен әңгіме құрды. Рухани-әдеби орта тынысы, сөз маржанын терген жазбагер жұрттың бүгінгі қоғамдағы беделі, мемлекет тарапынан шығармашылыққа қолдау деңгейі төңірегінде ой сараланды. Сондай-ақ жергілікті жазушылар талап-тілегі тыңдалды. Одақ филиалына арнайы кабинет беру, әкім сыйлығын тағайындау, көркем әдеби аударма мәселесін жолға қою секілді жайттар талқыланды.
Ақтау қаласындағы Білім-инновация лицейінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған клуб ашылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Жазушылар және сәулетшілер одақтарының мүшесі Сайын Назарбекұлының бастамасымен құрылған клубқа республикалық «Абай әлеміне саяхат» рухани орталығы атауы берілді. Салтанатты рәсімге жоба авторымен бірге облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев қатысты.
Достық үйінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаевтың қатысуымен «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен «Еңбегі жанған арулар» атты форум өтті.
Манғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» АҚ (әрі қарай – компания) төрайымы Салтанат Игісіновамен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде қазақстандық және шетелдік танымал спикерлердің қатысуымен «Университет – ой-пікірлер аймағы» атты халықаралық форумы өтті. Форум аясында «Yessenov University үздік стартап жобасы» байқауы, панельді және сараптамалық сессиялар, мастер-класстар және кейстер өтті.
Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбаев шараның маңыздылығын атап өтті.
Материалдарды дайындаған Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Серік МАЙЕМЕРОВ