©
Жаңаөзен қаласына іргелес орналасқан Рахат ауылындағы есептік кездесу өткен аптада өтті. Жиында ауыл әкімі Бақыт Нұржауов 2017 жылды қорытындылап, жоспарларымен бөлісті.
Ауыл әкімі баяндамасын ел басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан бастады.
- Бұл Жолдауда елімізді белестерге жеткізетін бес басымдық нақты айтылды. Соның ішінде, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік тауары экспортын 40 %-ға көбейту тапсырмасы берілді. Сондықтан осы салаға қолдау көрсету біздің басты мақсатымызға айналды. Осыған орай Рахат ауылы тұрғындарына жылыжай егістіктеріне, саяжай құрылыстарына жер телімдері берілді. Ауыл халқы ауыл шаруашылық өнімдерін төменгі бағада тұтынуы үшін тұрақты түрде жәрмеңке ұйымдастырылады, - деді.
Сондай-ақ ауыл әкімі өткен жылы ауыл тұрғындарынан көше жарықтандыру мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағымдар түскенін айта келе, «Жұлдыз», «Мерей» шағынаудандарындағы көптеген көшенің трансформаторлары ауыстырылып, электр желілері жаңартылғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша жұмыстар толық орындалмаған, алда жалғасын таппақ.
Бұдан бөлек Рахат ауылында 2016-2017 жылдары жол мәселесі өзекті болып келген. "Жалпы ауыл бойынша жолдың ұзындығы 251,025 шақырым, оның ішінде 33,4 шақырымы асфальттанған. Биыл «Мерей» ш/а №3-ші аралығына 34-тен 46-шы көшеге дейін және 46-шы көшеден 61-ші көшеге дейін автомобиль жолдарын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталған. Қаржы бөлінген жағдайда жоспар іске асады", - дейді ауыл әкімі. Тағы біраз көшенің аралығына жол салу құжаттамасы дайындалуда.
Ауылда еңбек нарығын жаңғырту бойынша ауыл әкімшілігі мен кәсіпкерлер арасында меморандумға қол қойылып, ауыл халқын жұмысқа тарту келісілген. 2017 жылы 1237 адам жұмыспен (816-сы тұрақты, 307-сі қоғамдық жұмыс, 26-сы жастар практикасы, 88 адам әлеуметтік жұмыс) қамтылған.
- Рахат ауылында шағын және орта бизнес жылдан-жылға дамып, ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда ауыл бойынша 225 кәсіптік нысан бар, барлығы дерлік халыққа қызмет көрсететін орындар. Бұл нысандарда ауылдың 563 тұрғыны жұмыспен қамтылған, - деді Б.Нұржауов.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай алдыңғы жылдың қыркүйек айында жеке кәсіпкер Н.Элифов жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және ауыл халқын салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізу мақсатында сыйымдылығы 500 орындық дене шынықтыру кешенінің құрылысын бастап кеткен.
Оған қоса, ауыл балаларының қазіргі заманға сай мектептерде білім алуына, үш мезгіл оқу мәселесін болдырмау аясында ауылдың №9, 15, 18, 21 орта мектептері қатарына «Жұлдыз» шағынауданынан 900 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. 2018 жылы «Мерей» ш/а құны 192 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория жүргізу жоспарлануда. Есептерден соң кездесуге қатысқан тұрғындар сұрақтарын қойып, шешімі табылса екен деген мәселелерін жеткізді.
Мырзабек БАЙЫМБЕТОВ, «Жұлдыз» ш/а тұрғыны:
- Рахат ауылы әкімшілігінің жұмысына жақсы деген баға беремін. Ауылымыздың көркею жолында жұмыстар атқарыла берсін. Осы орайда бірнеше ұсынысым бар. Ауылдың ой жерінен бассейн салып, жағасына Сенектің құмын әкеліп төсеп, шомылатын орын жасасақ. Бір жағынан құм - түрлі ауруға ем.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, журналист:
- Мен Рахат ауылының тұрғыны емеспін, дегенмен Жаңаөзен қаласының тұрғынымын. Халық қоғамдасып жасаған соң газ, су, тоқ, жол т.б. бәрі де керек. Соңғы кезде халықтың пайдаланған газы, тоғының көрсеткіш қағазында артық ақы қосып жазу басталды. 2015 жылы жылдың аяғында «РЦКУ Ақтау» деген мекеме жұрттың бәріне жаппай 100-150 кубтан артық газ жазып, 2016 жылы саябырсыды. Биыл қосып жазу тағы да басталды. Мұндай жаман індет биыл «Өзенэнергосервис» МКК жұқты. Жылдың соңғы көрсеткішіне артық 1000 кВт тоқ жазған.
Бұл мәселе аясында қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев осындай проблема туындаған тұрғындар болса тез арада хабарлауы қажеттігін ескертіп, тиісті шаралар қолданатынын жеткізді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңаөзен газ тарату бөлімінің басшысы Қуаныш Қызанбаев жыл жабылатын болғандықтан желтоқсан айында пайдаланған газдың көрсеткіші ерте алынып, айдың соңғы күндері тәулігіне есептеліп қосылатынын айтты. Ал «Өзенэнергосервис» МКК басшысы Кенжебай Мұрынбаев бұл істе алдымен көрсеткішті есептеп шығаратын бақылаушылар жауап беретінін айта келіп, ендігі таңда мұндай жағдайлар орын алмас үшін автоматтық комиссиялық есепке көшіру шаралары жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
Қалған мәселелер қоғамдық көлік, жауынды күні үйіне өтіп кететін су, көше жарығы, жұмысқа орналасу, көлік қоятын орын, жол салу жұмыстарына қатысты болды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА
Тағы оқыңыз: Мұнай дағдарысы жұмысшыны жан бағысынан айыра ма?