Өңірлік бағдарлама бойынша өткен жылы облыста 9 жоба іске қосылған. Бұл жобаларға 80 млрд. теңге инвестиция тартылып, 837 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Ең ірі жоба – Құрық портындағы паром кешені. Кешен арқылы 2017 жылы (теміржол паромдары бойынша) 1,5 млн. тонна жүк тасымалданып, автомобиль кешені іске қосылды.
Ал осы жылы өңірлік карта бойынша тағы 7 жоба жасақтау көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік Коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмуханбетова мәлімдеді.
Брифинг атқарушы биліктің экономика, қаржы, кәсіпкерлік және әлеуметтік қолдау саласында 2017 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, 2018 жылға белгіленген жоспарларды ортаға салды.
Маңғыстау облысы былтыр бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер арасында екінші сатыға тұрақтаған.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 11 млрд. теңгеден астам 208 жоба субсидияланды. 4 036 жұмыс орны сақталып, қосымша 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Статистика бойынша, экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 289 298 адамға жеткен, олардың 14 181 жұмыссыз, ал өз бетінше жұмыспен қамтылған халық саны - 14 976.
- Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша өңірімізде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орын құрылды. Нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5%-дан 4,9 %-ға төмендеді. Осы жылға 26 мың жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Жоспарды артығымен орындауға тырысамыз. Цифрландыруға байланысты алдағы уақытта біртіндеп жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негативті элементінің бірі. Біз сол қысқаруы мүмкін мамандарға қосымша жұмыс орнын қарастыруымыз қажет. Қазір әрбір кәсіпорынмен бірлескен жол картасын әзірледік. Бұл картада жұмыстан босап қалған жандарға не ұсына алатынымыз нақты қарастырылады, - деді Шолпан Лазарқызы.
Сонымен қатар аймақта жұмыссыз жүрген жастардың оқып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін «Жаңа серпін» бағдарламасы жүйелі жүзеге асып келеді. Бұл жоба қысқа уақыт ішінде жақсы нәтиже де көрсетіп үлгерді. Өңірлік бағдарлама аясында 2017 жылы 782 адам жұмысқа орналасқан.
173 адам дәнекерлеуші, бухгалтер, машинист, электрик, жүк көлігі операторы, маркшейдер, бағдарламашы және т.б. мамандықтар бойынша жұмысқа жіберілген.
Бұдан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бірқатар жас ауыл-аймақтарға барып, қызметін бастаған.
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр ауылдарға 544 жаңа маман келді. Оларға бюджет арқылы біз үй салуға, сатып алуға несие бердік. Бұған бюджеттен 664 миллион теңге жұмсалды. Несиені 198 адам пайдаланып, баспана мәселесін шешті, - дейді Шолпан Илмуханбетова.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47713,47712"]