Мен жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Өткен дүйсенбіде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларындағы жұмысшы мамандықтар арасында алғаш рет «Үздік маман - 2016» кәсіби конкурсы басталды. Жұмысшылардың білімі мен білігін сараптайтын республикалық сайыстың ашылу салтанаты Бозашы түбегінің солтүстік еңісінде орналасқан Қаламқас кен орнында өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай сервистік активтерін басқару департаменті директорының орынбасары Темірғали Сәкиев аталмыш компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтауын жеткізді:
«Құрметті конкурсқа қатысушылар, қымбатты әріптестер! Тәуелсіздіктің мерейлі тойы қарсаңында бірінші рет өткізілетін «Үздік маман» шеберлік конкурсының ашылуымен құттықтаймын. Республикалық деңгейдегі жарыс жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттырып, жұмысқа деген жауапкершілігін арттыратынына сенімдімін. Үздіктердің үздігін анықтайтын байқау Ұлттық компанияда қолға алынған трансформация бағдарламасының дамуына септігін тигізеді. Сайыстың бірінші кезеңінде мұнай-газ саласындағы еншілес компаниялардан 36 мамандық түрінен 3 мыңнан аса жұмысшы қатысып, бағын сынады. Тәжірибесі мол мамандардан құралған әділ қазылар алқасының алдында теория мен тәжірибені шебер меңгерген мамандарды анықтау міндеті тұр. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!» делінген құттықтау хатында.
Кәсіби сайыс Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларындағы 6 өндірістік алаңда бір мезгілде басталды. Бірінші кезеңнен сүрінбей өтіп, екінші кезеңге жолдама алған 126 жұмысшы тауарлық оператор, химиялық сараптау зертханашысы, электргазбен дәнекерлеуші, жөндеуші, мұнай және газ өндіру бойынша оператор, қабат қысымын демеу операторы, моторист- машинист сынды 20 мамандық түрінен сынға түседі.
Салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, үміт үдесінен шығатынына сенімділік білдірді.
–Мен 7 жылдан бері Қаламқас кен орнында №1 цехта мұнай-газ өндіру операторы болып жұмыс жасаймын. Осы жылдар ішінде мұнай-газ ұңғымасының жұмысын қадағалау, топтық қондырғыларда насостың жұмысын реттеуді меңгердім. Сайыста басқа өңірлерден келген 5 қарсыласым бар. Кең көлемде өткізілетін байқауда 1-орынды иеленіп, үздік маман атанамын деген ойдамын,–деді конкурсқа қатысушы Нұрбек Томпиев.
Өндірісті өлкелерден келген мұнайшылар сайыстың алғашқы күнінде Қаламқас кен орнындағы пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау- жөндеу цехында компьютер арқылы тест сынағын тапсырды. Келесі күні ұңғымалардың динамикалық деңгейін, мұнайдың қысымын анықтау және жер астына су айдау әдістерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарасты компаниялардың өндірістік алаңдарында 3-6 қазан аралығында өтетін республикалық сайыстың жеңімпаздары 7 қазанда Абай атындағы мәдени- демалыс кешенінде салтанатты түрде марапатталады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="11394,11413,11412,11411,11404,11403,11402,11401,11400,11397,11395"]