Бірлік мерекесі қарсаңында отандық өндірісіміз жаңа өнімдермен толығып, макарон цехы іске қосылды. Кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер Айтжан Сауғабаев мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, өз ісін бастап кетті. Жаңа өндіріс орнының ашылуына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, қаржы саласының мамандары қатысты. – Бүгін ашылып жатқан жаңа цехтың жұмысы құтты әрі берекелі болсын! Азық- түлік, оның ішінде ұн өнімдері әрқашан да халықтың сұранысына ие. Сондықтан да еңбек ұжымы халықтың қажеттілігін қанағаттандырып, сұранысына сай қызмет етеді деген сенімдемін. Өз өнімдеріміз сапалы әрі дәмді, халыққа қолжетімді болуы тиіс. Әрбір үйдің дастарханында өзімізде шығарылған тағамдар тұруы тиіс. Отандық өнімді қолдайық!, – деді еңбек ардагері Мұхамеди Бердіғұлов. Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов ақжарма лебізін білдіріп, жаңа цехтың жұмысына сәттілік тіледі. Италияндық технологиямен жұмыс жасайтын цехта сағатына 1 тонна 7 түрлі макарон шығарылады. Қажетті ұн Қостанай, Ақмола облыстарын жеткізіледі. – «Даму» қоры арқылы 6 пайызбен 5 жылға несие алып, осы цехты ашып отырмыз. Мұндағы құрал- жабдықтар Италиядан әкелінді. Осы елдің мамандары келіп біздің қызметкерлерге үйретіп, іске баулыды. Қазіргі таңда зауытта 400, 900 граммдық қапталған макарондарды шығарып жатырмыз. Жуырда 2,5,8,10 келілік өнімдерді де шығарамыз. Өнімдеріміздің бағасы да арзан. Мәселен, 400 грамдық макарон 125 теңге болса, 900 грамдығы 155 теңгені құрайды. Үздіксіз тәулік бойы 3 ауысымда 50-ден аса қызметкер жұмыс жасайды, – деді «Мағаш» өндірістік фирмасының директоры Айтжан Сауғабаев. «Maгa макарон» атауымен нарыққа жол тартқан өнім еліміздің өзге өңірлеріне және шет мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда өзіміздің өнімдер облыстағы сауда нүктелерінде саудаланып жатыр. – Цех жұмысы толықтай автоматтандырылған. Ұнның иленуінен бастап, макарон болып шыққанға дейін жұмыс жасайтын құрылғылардың қызметіне жауап беремін. Бір- біріне байланысты болғандықтан үздіксіз жұмыс істеп тұруы шарт. Бұрын наубайханада жұмыс істедім. Жаңа іске құлшына кірісіп жатырмын,– деді оператор Қонысбай Бегжанов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН