Ералы Тоғжанов облыс әкімі қызметіне тағайындалғалы бері танысу сапарымен Маңғыстау, Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына және Жаңаөзен қаласына барып, өңірлердің әлеуметтік- экономикалық даму бағытымен танысып, жергілікті жұртшылықпен мәселелерді талқылаған болатын. Өткен сенбіде Қарақия ауданына барған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы жергілікті өнім өндірушілердің көрмесін тамашалап, аудан активімен кездесті.
Жиында аудан әкімі Әділбек Дауылбаев ауданның әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар етті.
– Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 2016 жылда 620,9 млрд. теңгені, нақты көлем индексі – 99,3%, 2017 жылдың қаңтар-ақпанында 117,2 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 105,7% -ды құрады. Негізгі капиталға инвестициялар 104 млрд. теңгені немесе 2015 жылдың тиісті деңгейіне қарағанда 89% құрады. Төмендеу, бірінші кезекте тау-кен өндіру өнеркәсібіне салынатын инвестициялардың төмендеуімен байланысты болды, – деді аудан әкімі Әділбек Құлынтайұлы.
Облыс әкімі осы қарқынды ұстауды, ауданда ауылшаруашылығы саласын дамытуды тапсырды. Бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевқа агросектор, шағын несие беру, инвестиция туралы мағлұматтарды екі күн ішінде ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ ауданда салынатын жобалардың әрқайсысы қанша қаражат қажет ететіні, қай күні салынатыны туралы деректер беруді жүктеді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру орталығының басшысы Гүлмира Қалмұратова «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Облыс әкімі жастарды мұнайдан басқа салаларға мамандандыруды, Құрықтағы жұмыс орындарына жаңаөзендік жастарды квота арқылы еңбекке тартуды міндеттеді. Қала, аудандарда міндетті әлеуметтік сақтандыру бағытында түсінік жұмыстарды жүйелі жүргізілу қажеттігін айтты.
[quote arrow="yes"]
Аудан әкімі білім беру саласына тоқталғанда облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы мектепке дейінгі неше бала кезекте тұрғанын сұрады. Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев 3 жасқа дейінгі 1200, 3-6 жасқа дейін 200 бала кезекке тіркелгенін айтты. Жетібайда ағымдағы жылы мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында 200 орындық балабақша салу жоспарланғанын жеткізді. Облыс әкімі Мұнайшы ауылындағы №5 орта мектептің алдына үйдің салынғанын сынға алды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ірі компаниялар еңбек нарығының жаңа бағытын құру үшін жұмыстануы қажеттігін айтты. Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова ауданда 15 маман жетіспейтінін, биыл 26 маман келетінін, 44 мұғалім зейнеткерлікке шығатынын хабарлады. Облыс әкімі білім саласында маман тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды. Аудандық аурухана директоры Жамал Шоланова медицина саласында жетіспейтін 12 маманды дайындау, оқыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Әр адам өз денсаулығына жауапты екенін айтқан облыс әкімі медицина саласының көрсеткіштерін жақсартуды, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Аудан әкімі Әділбек Дауылбаев ағымдағы жылы жасалатын жұмыстарды баяндады. Атап айтсақ, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Бостан ауылынан жаңадан бөлінетін жер телімдеріне су құбырын, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша Сенек ауылына жаңа тоқ желісін тарту, Аппақ елді-мекеніне 300 орындық мектеп құрылысын салу, Жаңаөзен – Құланды бағыты бойынша автокөлік жолын орташа жөндеу, Сенек ауылына жабық спорт кешені құрылысын салу, Мұнайшы ауылында «Жетібай 110» қосымша тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы бекет орнату, Бостан ауылындағы жаңадан бөлінетін жер телімдеріне газ құбырын тарту, Жетібай ауылында салынған жаңа шағынаудандарға автокөлік жолдарын салу, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.
[/quote]
Тұрғындардан келіп түскен сауалдарды оқыған облыс әкімі қараусыз қалған ғимараттың мәселесін шешуді тапсырды. Зейнетақысын алу үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр жетібайлық зейнеткерлердің талабын орындауды міндеттеді. Хатта тұрғындар Мұнайшыдағы №5 орта мектептің интернет жылдамдығы төмен екендігін, жол бойындағы белгілердің жоқтығын назарға берген. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы аталған мәселелер оң шешімін табуы тиістігін назарға беріп, орта және шағын бизнестің дамуын қолдауды тапсырды. Сөз соңында мал, егін шаруашылығымен жұмыстануға ниет білдірген тұрғындардың су мәселесі шешіп беруге көмектесетінін айтты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ