Бүгін «Шыныпластикалық құбыр зауыты» мекемесі жер қойнауын пайдаланушылары өкілдері мен мұнай саласында жетекші компанияларға арнап «Ашық есік күнін» өткізді. Жер асты құбырлары, мұнай және су техникалық жабдықтарын әлемдік стандарт бойынша өндіріп отырған зауыт – Қазақстанда теңдесі жоқ мекеменің бірегейі.
«Шыныпластикалық құбыр зауыты» ЖШС директоры Қырымқұлов Сәрсен Сағынұлының айтуынша, зауытқа әлемнің дамыған елдері көз тігіп отыр. «Маңғыстау мұнай газ», «Қаражанбас мұнай газ», «Өзен мұнай газ» мекемелерінің техникалық жабдықтарын қамтамасыз етіп отырған ірі зауыттың бүгінде 3 цехы бар.
Шыныпластикалық құбыр зауытына әлем елдері көз тігіп отыр
- Қазіргідей техника қарыштап тұрған заманда мұндай арзан құбырлар әлемде жоқ: Бізге Араб Әмірлігінен сұраныс түсіп отыр, әзірге бұл келісім үстінде. Бір қызығы, зауытымызды Америка, Дубай, Араб Әмірлігі елдері сатып алуға бірнеше рет тырысып бақты. Қытайдың өзі қанша рет ұсыныс тастады. Бірақ біз отандық өнімдеріміз шығатын ірі зауытты өзге елдің қолына бермейміз. Маңғыстауда осындай шыныпластикалық құбырлар зауыты бар екендігін республика біле бермейді. Зауыт ашылғалы 15 жылдан бері өндірісте өз орнын қалыптастырып үлгерді. Құрылыс құбыры, мұнай және су техникалық жабдықтарының түр-түрі өндіріліп тұтынуға беріледі. Зауытқа ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин келгенде «Неліктен Қазақстанның барлық аймағында осы құбырларды қолданбасқа» деген таңданысын жасыра алмады, - дейді Сәрсен Сағынұлы.
Зауыт директоры өндірістік аймақты кеңейту жұмыстарын бастап кеткендігін айтады. Әрбір цехтан келесі цехқа өткен сайын модернизацияланған жұмыс процесін байқауға болады.
- Менің мақсатым – облыстағы жұмысқа қабілетті азаматтарды еңбекке тарту. Біздің зауытқа тиесілі 595 километр аймақтың 330 километрінде өндіріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 206 қызметкер зауытта істесе, соның көпшілігі Ақшұқыр, Сайын ауылынан, Мұнайлы ауданының жігіттері де осында. Құбыр шығару тәртібі бойынша мұнда тәулік бойы қызу жұмыс істеу тиіс болғандықтан, жұмысшылар 4 ауысыммен істейді (әр ауысымда шамамен 20 адам)», - дейді Сәрсен Сағынұлы.
[embed]https://youtu.be/sNQSzzEX8sA[/embed]Құбыр өнімдері үшін 50 жылға кепілдеме бере алатын зауыт қызметкерлері 15 жыл бойы еш тұтынушыдан арыз келмегендігін ескертті. Әсіресе, мұнай мекемелері үшін осындай өндіріс саласы ауадай қажет болатын. Болат құбырлар тозып, оларды жөндеуіне кететін шығын жаңа құбыр құнынан асып кетеді. Өндірістік мекеме ашылғалы бері Қаламқас, Жетібай, Прорва, Өзен, Солтүстік Бұзашы, Жалғызтөбе, Қаражанбас кенорындарында 3500 км-ден асатын шыныпластикалық құбырлар салынған.
«Шыныпластикалық құбыр зауыты» мекемесінің сапа инженері Любовь Мороздың пікірінше, зауытта жұмысшылар үшін барлық техникалық қауіпсіздік ережелері сақталған. Зауыт өзінің шығаратын өніміне кепілдік бере тұра, қоршаған орта мен жұмысшылардың денсаулығын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сай болып отыр. Мәселен, 2016 жылы ашылған жаңартылған өндіріс цехында АҚШ-та шығарылған «Entec Composites Mashines» фирмасының жабдықтары орнатылған. Барлық өндіріс осы заманға сай автоматтандырылған және жаңа техникалық программа бойынша шыныпластикалық құбырлар 200 атм.қысымда жұмыс жасай алады.
Түйін.
Зауыттың өнімдері «Маңғыстаудың үздік тауары» байқауларында бірнеше рет жеңімпаз атанған. Мұның өзінен-ақ шыныпластикалық құбырлардың жарты ғасыр бойы коррозияға ұшырамай сақталатынын, өндірісте, коммуналдық тұрмыста сапалы өнім ретінде орны бар екенін көруге болады. Маңғыстаудағы ірі зауыт отандық өнім шығаруда еңбек етіп, әлемге танылып жатса, бұл - 15 жылдық үздіксіз жұмыстың арқасы.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42966,42965,42964,42963,42970,42971,42972,42973,42980,42981,42982,42983"]