Белгілі бір кәсіппен айналысқысы келген азаматтардың немесе шағын шаруашылығын кеңейтуді көздеген кәсіпкерлердің кейбіріне қаржы тапшылығы қолбайлау болады. Мұндай жағдайда, яғни кәсіптің көзін тауып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтыған кәсіпкерге мемлекеттен мол мүмкіндік беріледі. Бұл бағытта қолданысқа енгізілген мемлекеттік бағдарламалар еңбек етемін деген жандардың игілігіне іске асып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында жұмыс жасайтын «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы ауылшаруашылығы және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы осы ұйым «Жұмыспен қамту жол картасы –2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Эко- даму» бағдарламалары бойынша 256 жобаны қаржыландырып, 6 пайызбен 765 млн.теңгеден астам шағын несие берген. Берілген несиенің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Бұл жобалар бойынша өңірімізде 413 жаңа жұмыс орны ашылды. – Өткен жылдың соңында «Жұмыспен қамту жол картасы –2020» бағдарламасы күшін жойып, орнына «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін несие беру ережесіне сәйкес, шағын қала мен ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер, шаруалар, ауылшаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері пайдалана алады. Қаладағы кәсіпкерлерге несие «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы, 2 деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы беріледі. Біз ауылдың жағдайын көтеру, халықты жұмыспен қамтуды басты бағдарға алып, сондағы кәсіп түрлеріне қаржылай қолдау көрсетеміз, – деді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетов. Оның айтуынша, кеңейтілген жаңа бағдарлама бойынша мал шаруашылығы мен ауылшаруашылығы кооперативтерін құратын шаруаларға несие беру мерзімі 5- тен 7 жылға ұзартылған. Бұдан басқа бизнес түрлеріне 5 жылға беріледі. Несие беру көлемі 18 миллион теңгеге дейін артқан. Қаржылай қолдау көрсетуде кәсіпкердің сұранысы, кепіл көлемі, төлем қабілеті, табысы ескеріледі. Ауылдағы жұмыссыз азаматтар жергілікті әкімдікке немесе жұмыспен қамту орталығына, кәсіпкерлік палатасына хабарласып, талап-тілегін білдіруі қажет. Мамандардың нұсқауымен ақысыз «Бизнес- бастау» оқыту курсынан өтіп, кәсіпкерлік саласынан хабардар болады. Арнайы курстан өткендігін растайтын сертификат алғаннан кейін, белгілі бір кәсіппен айналысуға бел буған ауыл тұрғыны «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына келіп, мамандардан кеңес алып, несие алуға құжат тапсырады. Егер шағын кәсіп иелері бизнесін кеңейтуді көздеп несие алғысы келсе, оларға жаңа жұмыс орнын ашу туралы талап қойылады. Несие алушылардың есепшоты қай банктен ашылған болса, несие сол қаржы ұйымына аударылады. Қажетті көлемдегі несиені алғаннан кейін кәсіпкер 90 күннің ішінде қаржыны қайда жұмсағандығы, қандай іске жаратқаны жөнінде анықтаманы тапсыруы қажет. Осы талаптар орындалғаннан кейін «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мамандары несиенің мақсатты жұмсалғандығы жөнінде акт жасайды. – Біріккен ұлттар ұйымы мен «Дамудың» біріккен Үстірт қорығының айналасындағы экологиялық бағыттағы бизнес түрін дамытуға арналған «Эко- даму» бағдарламасының орнына «Қолдау» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бұл бағдарлама шеңберінде 40 млн.теңге шамасында 14 адамға несие бердік. Оның басым көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. «Қолдаудың» аясында суды үнемдейтін немесе күннен қуат алатын технологияны енгізуге, тамшылата суару әдісін қолдануға, туристік саланы дамытуға басымдық беріледі. Алайда мұндай кәсіп түрлеріне сұраныс жоқ болғандықтан, құс және қоян шаруашылықтарына несие береміз. Соңғы өзгеріс бойынша құдық қазуға сұраныс берген шаруа шығатын шығынды құдық қазылғанша өзі көтереді. Құдық қазылғаннан кейін мемлекеттен субсидияланады. Бұл ретте шаруаның қаражаты болмаса, біз несие беріп көмектесеміз, – деді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетов. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Эко даму» бағдарламасы бойынша несие алған аудандар арасында Бейнеу ауданы белсенділік танытқан. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында сенім білдірген өкіл ретінде қызмет атқарады. 2016 жылы аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй құрылысын салуға 249 маманға 777,5 млн.теңге берілген. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетовтің хабарлауынша, биыл қорға несие беруге 474 млн.теңге бөлінеді деп жоспарланған. Наурыз айынан бері аудан- ауылдарды аралаған қордың басшылығы мен мамандары әкімдіктерде ашық есік күнін өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда несие алуға тілек білдірген тұрғындардың құжаттарын дайындап жатыр. Несие шартына сәйкес,қордың есепшотына қаражат түссе, қаржыландыру жұмысы басталады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ