©
Ақтауда жалақысы жетіп тұрса да алиментті ең төменгі мөлшерде төлеу үшін табысын жасырған әкеге қатысты сотта іс қаралды. Ақтау қаласының №2 сотында қаралған азаматтық істе анықталғандай бұл әке білдей бір компанияның директоры әрі құрылтайшысы екен. Бірақ балаларына алиментті 3 жыл бойы 6 000 теңгеден төлеген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Арыз беруші А борышкер Т-мен заңды некеде тұрған. Ортақ некеден кәмелет жасқа толмаған балалары бар екен. Бұрын сот бұйрығымен баланың әкесінен кәмелет жасқа толмаған балаларының асырауына алимент өндірілген. Алайда әкесі алиментті ең төменгі жалақы мөлшерінен есептеп, үш жыл бойы ай сайын 6000 теңгеден төлеп отырған. Ол компания директоры және құрылтайшысы бола тұра 6000 теңгені де уақытында төлемей, табысын жасырып, тек сот орындаушысы тарапынан мәжбүрлеу шаралары арқылы ғана төлепті. Судья борышкерге балаға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың құқығы әрі міндеті екенін түсіндірді. «Борышкер баласының тәрбиесі мен асырауынан жалтарып, үлкен қателікке жол бергенін ұғынып, соттан дауды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуді сұраған. Алиментті бұрынғы төлеген мөлшерінен он есе көп төлеуге дайын екенін айтып, баласына барлық көмекті көрсетіп, оның тәрбиесіне де ат салысуыға дайын екенін жеткізді», - дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметкері. Екі тарап медиациялық келісімге келіп, борышкер баласының асырауына бұрынғы төлеген 6000 теңге алиментінің орнына 70 000 теңге алимент төлеуге міндеттелді. Келісім сот ұйғарымымен бекітілді.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Көрнекі сурет сайт архивінен