Ақтаудан Шымкентке ұшқан Ми-8 тікұшағының бортындағы 13 адам қаза тапты. Апат Қызылорда облысының аумағында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. "2019 жылдың 27 наурызында әскери борышты орындау кезінде ҚР Қарулы күштерінің тікұшағы апатқа ұшырап, тікұшақтың бортындағы 13 әскери қызметкер қаза тапты. Қазақстанның Қарулы күштерінің жеке құрамы қаза тапқан әскерилердің отбасы мен туған-туысына қайғыра көңіл айтады", - делінген хабарламада. Қазір Қорғаныс министрлігінің басшылығы моральдық және материалдық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауда. Естеріңізге сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған еді. Апат туралы хабарлама 112 пультіне 27 наурыз күні сағат 17:35 шамасында келіп түскен. Тікұшақ анықталмаған себептер бойынша құлап, толығымен өртеніп кеткен. https://youtu.be/cu7WKgR6WnE Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған тікұшақ 4 әскери тікұшақтың құрамында Ақтау қаласынан Шымкент бағытында ұшып бара жатқан. Ұшу арнайы бөлімшелердің "Алтын жебе" оқу-жаттығуы және кешенді тексеруі аясында түнгі мезгілде және күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген. Қазір Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. "Қазіргі уақытта төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына қонды. Ал қалған бір тікұшақ оқиға орнына қайта оралды. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», - делінген министрліктің хабарламасында.
Көрнекі сурет interfax.ru алынды