«Қаламқас» кен орнындағы өрттің ошағы сөндірілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «28 наурызда 01:05-те «Қаламқас» кен орнында №8237 ұңғыма жанындағы грифоннан шыққан өрт сөндірілді», - деп хабарлады ол. Қазіргі таңда газ-су қоспасы атқылап тұрған жоқ және грифондар жабылды. Өрттің сөнуіне қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті де хабарлама таратты. "28 наурыз күні сағат 02:05-те (астана уақытымен) газ-су қоспалы бұрқақтың жану ошағы өздігімен сөнді. Төтенше жағдайлар департаменті мен "Семсер-Өрт сөндіруші" ЖШС күшімен құмнан жасалған үймелердің периметрі бойынша қауіпсіздік бекеттері қойылды", - делінген ақпаратта. https://youtu.be/r13pP6Ghm_s Естеріңізге сала кетейік, 13 наурыз күні "Қаламқас" кен орнында №8237 ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су қоспасы атқылады. 25 наурыз күні газ салынып жатқан ұңғымаға ауысып, жалынның биікті 10 метрге дейін жетті. Отты сөндіру үшін Атыраудан қосымша арнайы техника алдырылды. Сонымен қатар, "Ақберен" Маңғыстау филиалының құтқарушылары "Қаламқас" кен орнында кезекшілікте тұрды. Кеше филиал директоры А. Куаналиев оқиға орнында болып, " Қазмұнайгаз" АҚ және "ММГ" АҚ басшыларымен кездесіп, өртті сөндіру бойынша ой бөлісіп қайтты. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметкері әлеуметтік желіде хабарлады. Айта кетелік, "Қаламқас" кен орнындағы жағдайды Президент Қ.Тоқаев өз бақылауына алды.