Жаңаөзен қаласында көшеде мылтықпен жүрген ер адам ұсталды. ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке сәйкес, оқиға кеше сағат 19.50 шамасында болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Көктем» шағынауданында 5548-әскери бөлім жауынгерлері сержант Шынбол Ақан, қатардағы жауынгерлер Дәуренбек Сайпуллаев пен Жанболат Әбдіхайым «DAEWOO Matiz» автокөлігінің жанында өзін дөрекі ұстаған жас жігітті байқаған. Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған ол өзін тоқтатқан жол полициясы қызметкерлеріне балағат сөздер айтып тұрған. Ұлттық ұлан жауынгерлері тәртіп сақшыларына дер кезінде көмекке барған. Бұзақылық іс-әрекетті тоқтатуды талап еткендерге құлақ аспаған жас жігіт сытылып кетпекші болғанымен, ол ойы жүзеге аспады. Куәгерлердің қатысуымен оған тінту жүргізілген. Нәтижесінде, тегіс ұңғылы 16 калибрлі «ТОЗ» мылтығы табылып, тәркіленді. Бұзақы полиция қызметкерлеріне тапсырылды.