Ақтауда былтыр 11 қаңтарда ПИК мәселелері бойынша штабтың отырысында қаладағы ПИК-тер тұрғындардан жиналған қаржыны қайда жұмсалып жатқаны жөнінде ақпарат сұралған. Бірақ сол ақпаратты тек 1 ғана ПИК берген, ал қалған 68-інен әлі күнге дейін ақпарат түспеген. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігінде кондоминиум нысандарын басқару органдарының мәселелері бойынша өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды mandystaumedia.kz сайты. «Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша жұмыс жасайтын арнайы жедел штаб бар. Ол былтыр құрылған. Оның құрамына қаланың кондоминиум объектілерін басқару органдары, ПИК және басқарушы компаниялар, монополистер мен қаланың коммуналдық қызметтері де бар. Ол штабтың отырысы айына екі рет өткізіледі. Онда көп қабатты тұрғын үйлерді басқару мен күтіп ұстау, халықты энергия ресурстарымен үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық, қаланы көгалдандыру мәселелері талқыланады», - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров. Сонымен қатар қала әкімі Ғ.Ниязов ПИК және басқарушы компаниялардан құралған белсенді топ мүшелері және "МАЭК-Казатомпром" ЖШС, "КЖСА" МКК басшыларының қатысуымен Ақтауды энергиямен қамтамасыз ету бойынша жұмыс кеңесін өткізіп тұрады. Мәселелерге ден қою мақсатында "WhatsApp" желісінде аталған мекемелермен чат құрылған. "Биыл жылу желілерінде айтарлықтай ірі апат болған жоқ. Ақаулар уақытында жөнделіп тұрады. Жылу желілерінде жөндеу жұмысын бастамастан бұрын міндетті түрде ПИК пен басқарушы компанияларға алдын ала ескертіліп отырады",- деді Асқар Дүзмағанбетов. Қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында мемлекеттік мекемелер, қаланың коммуналдық қызметтері, учаскелік полиция қызметкерлері туралы мәлімет пен суреттері жарияланады. "Біз бірнеше рет кондоминиум нысандарын басқару органдары басшыларының суреттері мен мәліметтерін сұрадық. Бірақ кейбір ПИК пен басқарушы компаниялардың басшылары фотосуреттерін ұсынудан бас тартып отыр. Мұның барлығы қала тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отыр, себебі әр бір тұрғын қызмет көрсетуші органның басшысын білу қажет", - деді қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Гүлжан Өмірзақова.
Суретті ұсынған Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі