kalamkas Қаламқас

«Қаламқас» кен орнындағы ұңғымалардың бірінде газ-су қоспасы грифонынан өрт шыққан болатын. Осыған байланысты бүгін Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен тікелей эфирде баспасөз конференциясы болып өтті. Конференцияны Орталық коммуникациялар қызметі мен өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесе ұйымдастырды.

Брифингке Астанада ҚР Энергетика вице-министрлері Болат Ақшолақов және Сәбит Нұрлыбай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов, ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Владимир Беккер қатысты.

"Қаламқастағы" өрт: елорда мен Маңғыстау бірлескен брифинг өткізді

Ал Маңғыстаудан видеобайланыс арқылы «ҚМГ» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Қазыбек Қиынов, Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов, МО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетов, индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік бөлім басшысы Бек Спаев, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, Маңғыстау облыстық табиғатты қорғау прокурорының міндетін атқарушы Мәлік Оспанов қатысты.

«Қаламқас» кен орнында апат неден басталды?

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ диспетчерлік қызметінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылдың 13 наурыз күні 8237 ұңғымасын салу кезінде газды-су қоспасы бөлінген. 13-24 наурыз аралығында мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу, грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізген. 25 наурыз күні сағат сағат 05.46 шамасында апатты ұңғыманың газ-су қоспасының ошағы жана бастады. «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС жауынгерлік тобының шақырылған орынға келу уақыты 05 сағат 58 минут. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ», — деді Болат Ақшолақов.

2019 жылғы 25 наурызда сағат 14:30-ға қарай өртті ауыздықтау үшін қосымша Ақтау қаласының МӨҚҚ 6 өрт сөндіру тобы келіп жеткен: 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіруші автомобиль.

Қазіргі уақытта өрт шыққан жерде Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамының 53 адамы және өрт сөндіру техникасының 12 бірлігі жұмылдырылған.

Өрт неге сөнбей жатыр?

Болат Ақшолақовтың айтуынша, өртті сөндіру барысында жанған жерді тасымалданатын лафеттік оқпандармен оқшаулау үшін бірнеше талпыныс жасалған.

«Бірақ өрт ошағына кірме жолдардың болмауына байланысты өртті ауыздықтау мүмкін болмады», — дейді ол.

Кірме жолдар жасау үшін 60-қа жуық көлік мергель шашуға кіріскен. Бұл жұмыстар жалғаса береді.

«Бүгін сағат 13.30 шамасында от №8237 ұңғымасына ауысқаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына жауапты тұлғалар барды. Олардың арасында энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚазМұнайГаз» АҚ басшысы Алик Айдарбаев та бар», — деп мәлімдеді Б.Ақшолақов.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, осы кезге дейін 13 рет грифон (газ-су қоспасының бұрқағы) болған. Олардың көпшілігі жойылып, тек 5-уі ғана қалған. Олардың біреуі қатты қысыммен тұрғандықтан тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, қатты қысымның әсерінен тау жыныстарының жанасуынан өздігінен от тұтануы мүмкін. Тұтанудың нақты себебін комиссия анықтайды.

Вице-министр жедел өрт сөндіру штабының тактиканы өзгерту туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Салынып жатқан №8237 ұңғымасы жанып жатқандықтан, жану ошағын оқшаулау туралы шешім қабылданды. Жанып кетуі мүмкін барлық қажетті жабдықтар шығарылып, жану ошағын оқшаулауға кіріседі», — деді Б. Ақшолақов.

Атыраудан қосымша арнайы техника алдырылды

Мұндай апаттарды жоюмен арнайы қызмет айналысады. Өндіріс иесі осындай қызметтермен шарт жасасуы тиіс.

«Объекті «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС-мен шарт жасасқан. Қазір олар апатты жоюмен айналысып жатыр. Сонымен бірге «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы осындай апаттарды жоюда тәжірибесі бар кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің «Ақберен» филиалымен қосымша шарт жасасты. Олар да апатты жоюға кірісті», — деді Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығметжан Мақажанов.

Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Владимир Беккер жағдайдың бақылауға алынып, Атыраудан қосымша арнайы техниканың келетінін айтты.

«Атыраудан сағат 18.00 шамасында (астана уақытымен) техника келіп жетіп, 20.00-де отты сөндіруге кіріседі», — деп атап өтті ол.

Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының айтуынша, өрт күрделі санатқа жатады.

«Жеке ұйым өз күшімен 25 наурыз күні сағат 9.30 шамасында көбікпен сөндіруге талпыныс жасаған. Бірақ газ-су қоспасы қысыммен шыққан әрі қатты жел өртті жоюға мүмкіндік бермеді. Сағат 19.00 шамасында Ақтаудан келіп жеткен газ-су сөндіруші автомобильдің көмегімен бір сағат көлемінде өрт сөндіруге тырысқанмен, мүмкін болмады», — деп атап өтті ол.

Өртті толық ауыздықтау үшін Атыраудан арнайы көлік алдырылып отыр. Бүгін күні бойы өрт болып жатқан жер 1,5 метрлік құммен қоршалып, жел жағынан газ-су сөндіруші автомобиль орналасатын алаңша құрылады. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін магистральді желі тартылады.

«Өрт сөндіру үшін секундына 300 литр су және жанындағы ғимаратты қорғау үшін қосымша су қажет», — деп атап өтті В. Беккер.

kalamkas Марабаев Қаламқас

«Мұнай жанып жатқан жоқ»

«Қаламқас» кен орыны өнеркәсіптік өндіріске 1979 жылы енгізілген. Осы аумақта 3100-ден аса ұңғыма қазылған. Жақып Марабаевтың айтуынша, газ-су қоспасы түріндегі бұрқақтар осы кен орында бұрын да болған.

«Мұнай жанып жатқан жоқ. Біз жобалық тереңдікке жеткен жоқпыз. Қазір бұрғылау барысындамыз. Осы кезге дейін жасалған жұмыстар регламентке сай жүргізілді. Келтірілген залалдың көлемін комиссия анықтап, шешеді. Кінәлілер жауапқа тартылады», — деп атап өтті Ж. Марабаев.

Апаттың себебін анықтайтын комиссия құрылды

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті — қауіпті өнеркәсіптік объектілерде қауіпсіздік жағдайын қадағалауға құзіретті орган. «Қаламқас» кен орыны да осындай объектіге жатады. Газ-су қоспасы көрінген сәттен бастап министрлік қызметкерлері заңға сәйкес әрекет етуде. Заңға сәйкес, екі қызмет атқарамыз:  объектідегі қауіпсіздік жағдайын қадалағау және апат жойылғаннан кейін оның себебін анықтау», — деді комитет төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов.

Қазір комиссия құрылды. Апаттың себебі, не үшін болғаны, апаттың алдын алмаған кінәлі лауазымды тұлғалар анықталады. Комиссия бүгін оқиға орнына барып, зерттеу жұмыстарын бастап кетті.

Апат орнындағы экологиялық ахуал қалай?

«Азаматтарды ең алдымен толғандыратын мәселе – экологиялық ахуал», — деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай.

 «13 наурыздан бері Экология департаментінің жылжымалы зертханасы күнделікті ауаның, ілеспе судың, топырақтың сапасына мониторинг жасап отыр. Кенорыннан 4,5 шақырым жерде Каспий теңізі жатқандықтан, Қазгидромет те мониторинг жасауда. Халыққа төніп тұрған қауіп жоқ. Кен орынға ең жақын Шебір ауылы 70 шақырым, Қызан ауылы 85 шақырым, Ақшымырау ауылы 100 шақырым қашықтықта орналасқан», — деді Сәбит Нұрлыбай.

Оның айтуынша, қоршаған ортаға қандай залал келгенін өрт сөндіргеннен кейін анықталады. Қоршаған ортаға залалды «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы мен оның мердігері Си-бу компаниясы өтейді.

«Каспий теңізі апат болған жерден 5 шақырым жерде орналасқан. Каспий теңізіне судың төгілу қаупі жоқ. Мұнай төгілу факторы жоқ. Мамандар газдың құрамы мен көлемін, судың көлемін анықтап, қоршаған ортаға келтірілген залал есептеледі», — деді Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды

"Қаламқастағы" өрт: елорда мен Маңғыстау бірлескен брифинг өткізді

«Қаламқас» кен орындағы жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 333-бабы 1 бөлігі «Жер қойнауын қорғау және пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бұл туралы брифингте Маңғыстау облыстық табиғатты қорғау прокурорының міндетін атқарушы Мәлік Оспанов мәлімдеді.

Сондай-ақ Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов құзырлы органның газ-су қоспалы бұрқақтың шығып жатқанын БАҚ арқылы білгенін айтты.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Сибу» ЖШС тарапынан хабарлама келіп түспеді. Уәкілетті органға уақытында хабарламағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске сәйкес кінәлі тұлғалар жауап береді», — деп мәлімдеді Р.Тукенов.

ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, заңнамаға сәйкес, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Себебі анықталып, кінәлілер соттың шешімімен жауапқа тартылады.

Бұған қатысты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Қазыбек Қиынов былай деді.

«13 наурыз күні кешке сағат 19.00-де ұңғыма жабылды. 14 наурыз күні ұңғыманың жан-жағынан грифондар шыға бастады. «Маңғыстаумұнайгаздың» мамандары сол сәттен бастап кенорнына барды. 15 наурыз күні құзырлы органға хабарланды», — деді ол.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Брифингтің тікелей нұсқасын фейсбуктегі парақшамыздан көріңіз.

Опубликовано Маңғыстау жаңалықтары — mangystaumedia.kz Вторник, 26 марта 2019 г.