өрт пожар

«Қаламқас» кен орнындағы №8237 авариялық ұңғымасында грифон өздігінен тұтанған. Оқиға кеше 2019 жылдың 25 наурыз күні сағат 04:40 минутта болған. Бұл туралы ҚР Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Қаламқас кен орнындағы №8237 авариялық ұңғымасында грифон өздігінен тұтанған. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығының ақпараты бойынша өртті тоқтату үшін 8 техника жұмылдырылды. Өрт сөндіруге қажет тиісті көлемдегі құралдар жеткізілді», — делінген хабарламада.

Өрт жағдайы бойынша штаб құрылып, жұмыс жоспары жасалған.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне «Қаламқас» кенорнында ұңғымалардың бірінің грифоны жанып жатқаны туралы хабарлама 25 наурыз күні сағат 07:10-да келіп түскен.

«Диспетчер Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Маңғыстау ауданында орналасқан «Қаламқас» кенорнында №2-Мұнай және газ өндіру цехының 27-26 қатары, №8232 ұңғысының грифонында газ-су қоспасының жанып жатқанын хабарлады. Жану аумағы — 900 шаршы метр, жалынның биіктігі — 10 метр», — деп мәлімдеді төтеншеліктер.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Отты сөндіруге «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС 10 қызметкері мен 3 техникасы және «Қаражанбас» ЖШС 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 13 наурызында Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС жобалық тереңдігі 903 метрлік №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай болған еді. Қазір осы апаттың себебін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі анықтап жатыр.

Көрнекі сурет сайт архивінен

Видео сайт оқырмандарынан келді