Маңғыстау облыстық соты тұрғындар арасында түсінбеушілік болмау үшін әлеуметтік желілердегі судьялар Мәлік Кенжалиев, Гүлнар Байтұрова мен Марет Ковраеваға қатысты қарама-қайшы пікір бойынша түсінік берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Айгүл Ақбердіге қатысты ақтау үкімін шығарған судья Гүлнар Байтұроваға ешқандай тәртіптік немесе басқалай сұрақ жоқ. Ол қазір жұмыста, сот ісін жүргізіп жатыр. Айта кетерлігі, көпшілік арасында жиі айтылатын Айгүл Ақбердінің ісі бойынша шығарылған ақтау үкіміне М.Кенжалиевтің еш қатысы жоқ», - делінген Маңғыстау облыстық сотының хабарламасында. Судья Г. Байтұрованың сөзінше, оның ақтау үкімін шығаруына М.Кенжалиев заң бойынша ешқандай ықпал ете алмайды және ықпал етпеген. Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмысшы 2018 жылдың маусым айында Жоғарғы сотқа шағымданған. Оған ресми шағым тастау ұсынылыпты. Ол тек 2018 жылдың 5 қазанында ғана ресми түрде шағымданып, М.Кенжалиевке қатысты тәртіптік іс қарала бастаған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жұмысшы судьяның үйін салып бергенін, бірақ оның жұмысшылармен толық есеп айырыспағанын айтқан еді. Жоғары соттың ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметтік тексеру жүргізіп, материалдар ҚР Судьялар кеңесінің Маңғыстау облыстық филиалы Судья әдебі жөніндегі комиссияға ұсынылған. Комиссия 2018 жылдың 21 қарашасында М.Кенжалиевтің әрекетін судья әдебіне және атқаратын лауазымына сай келмейтіні туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық сотының пленарлық отырысының президиумына М.Кенжалиевке қатысты тәртіптік іс қозғау туралы Сот жюриіне ұсыным беру туралы ұсынылады. «Жоғары сот жанындағы Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы 2019 жылдың 7 ақпанында судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің судья өкілеттілігі тоқтату арқылы қызметінен босату туралы Жоғарғы Сот кеңесіне жүгінген. Бұл шешімді Маңғыстау облыстық сотының президиумы мен Судья әдебі бойынша комиссиясы қолдады. Жоғары сот кеңесінің соңғы шешіміне дейін М.Кенжалиевтің судья өкілеттілігі тоқтатылды», - делінген хабарламада. Сот жюриі Кенжалиевке қатысты мұндай шешім қабылдауына оның жұмысшыны балағаттап, әдепке жат қылықтар танытқаны негіз болған. М.Кенжалиев Сот жюриінің тәртіп комиссиясы шешімінің көшірмесін алған күннен бастап 10 күн ішінде Жоғарғы соттың кеңесіне шағым түсіруге құқылы. Сот Жюриінің шешімі 2019 жылдың 11 ақпанында берілуі тиіс екен.