сот шешім

2019 жылдың 7 ақпаны күні Сот жюриінің тәртіптік комиссиясының шешімімен судья  әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев қызметінен босатылып, судья өкілеттілігі тоқтатылды. Бұл жөнінде МО сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұдан соң Мәлік Кенжалиев пресс-конференция өткізіп, тұрғындармен кездесіп, мән-жайды түсіндірмек болды. Алайда ғимаратта жарық сөніп қалуына байланысты брифинг өтпей, ол жиналғандарға есік алдында сұқбат берді. М.Кенжалиевтің өзінің айтуынша, ол қызметінен заңсыз босатылған.

СУДЬЯ КЕНЖАЛИЕВ ЗАЩИТИЛ АЙГУЛЬ АКБЕРДЫ!Жакип АСАНОВ оказывал давление на суд в Актау. Вот ваш любимчик. Говорит красиво,действует преступно!

Опубликовано Жанной Ботой Воскресенье, 10 февраля 2019 г.

«Заңсыз әрекеттерге барды деген себеппен қызметімнен босатуына байланысты бүгін Ақтау қаласының тұрғындарымен кездескім келген. Жоғары сот төрағасы Асанов, Сот жюриінің төрағасы Шегенов, Қылмыстық коллегиясының төрағасы Рахметуллин, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Дәулиев мені қызметімнен заңсыз босатты. Бұл 179-бап 2-бөліммен қамауға алынған Ақбердиеваны ақтап шығуымызбен байланысты. Өз құқымды қорғау үшін бүгін пресс-конференция өткізбек болғанмын. Бірақ оған мүмкіндік болмағандықтан, сыртта сұқбат беріп тұрмын», — дейді Мәлік Кенжалиев.

Алайда баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Кенжалиевтің қызметтен шеттетілуіне оның этика нормаларын сақтамауы себеп болған. Үйін салдырған құрылысшылардың ақшасын бірнеше жыл бермей келген. Тіпті, балағат сөздер айтып, әдепке жат қылықтар танытқан.

«Комиссия анықтағандай,  Каспий теңізінің жағасында коттедж салу кезінде М.Кенжалиев жұмыс бригадасын (Өзбекстан азаматтарын) жалдап, орындалған жұмыс үшін 3,6 млн.теңге төлеуге уағдаласқан. Алайда, ол аталған соманың жартысын төлей отырып,  қалған 1,8 млн теңге  соманы 2 жыл бойы қайтармаған.  Орындалған жұмысы үшін өз ақшасын ала алмаған  бригадир М. Кенжалиевке бірнеше рет телефон шалып, қалған соманы қайтару туралы өтінішімен смс-хабарламалар арқылы жүгінген. Алайда бригадир М.Кенжалиев ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, оны түрмеге отырғызатынын айтып қорқытқанын видеоға түсіріп алған», — делінген хабарламада.

Бұл сөзді құрылыс бригадирі де растап, бізге сұқбат берді.

Маңғыстау соты судьяның қызметтен босауына қатысты түсінік берді

 «Мені көріп отырған жандар түсінеді деп ойлаймын. Амал жоқтықтан осындай қадамға бардым. 2014 жылы сол кездегі Форт-Шевченко қаласының сот төрағасының үйін салатын болып белгілі сомаға келісіп, көктемде құрылысын бастадық. «Менің үйімді салып жатқаныңды ешкімге айтпа» деді. Өзімді қосқанда 14 құрылысшы іргетасын қалап, аула, гараж, сарайын және үйдің бірінші қабатын аяқтаған соң жұмыс тоқтап қалды. Ол кісі қажетті материалдарды жеткізе алмады. Ал құрылысшыларымның тіркеу мерзімі аяқталып, оларды Өзбекстанға қайтаруым қажет болды. Мәлік мырзаға жағдайды айтқанымда күтуімді өтінді. Бір ай, екі ай, 1 жыл күттік. Екінші жылға таяғанда 13 бала жиналып, менің Өзбекстандағы үйіме анама барыпты. Олар менімен келіскен соң, ақшаларын да менен талап етті, үстімнен арыз жазамыз деді. Ал Мәлік Кенжалиевтен сұрағанымда «Астанада жүрмін, келесі жұма хабарлас, ана күні хабарлас» деп соза берді. Ақырында әр жерден пайызбен ақша алып, құрылысшылардың ақшасын беріп, тыныштандым. Мен одан қарыз емес, өз еңбекақымды, қалған 1,8 млн теңгені сұрап отырмын. «Қаматып жіберейін бе? Қайдағы бір өзбек» деген де әңгімелер айтылды. Сонда өзбек адам емес пе? Үйіне дейін барып, өтініш жасадым. Соңғы рет бір жыл бұрын үйіне барып сөйлестім. Сол кезде өзімді балағаттап, қуып жіберді. Азамат ретінде түсінісіп, жағдайын айтса, ең болмаса бөліп төлеуді ұсынса, ештеңе демес едім. Телефонға әңгімелескендерімізді түсіріп алдым. Смс-хабарламаларымыз әлі күнге сақтаулы тұр. Үмітімді үзбей, хабарласар деп, видеоны бірден жарияламадым. Бірақ менің жағдайымнан анам ауруханаға түскенде Жоғары Сотқа арыздануға мәжбүр болдым», — дейді бригадир Мақсұт Каландаров.

Ол тұста құжат рәсімдеуді онша түсінбеген өзбекстандық құрылысшылар тапсырыс берушінің еңбекақысын береріне сеніп, ауызша келісімге келген. Алайда бұл дау 5 жылға жалғасқан.

Маңғыстау облыстық сотының мәлімдеуінше судьяның өз антына адал болуы, этика нормаларын мүлтіксіз сақтауы Судья әдебі кодексінің 1-бабында көрсетілген.

«Судья сот билігінің беделін кемітуге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс», — деді облыстық соттағылар.

М.Кенжалиевке қатысты шағым айтып Ақтау қалалық соты ғимаратының алдына келген Мақсұт қана емес екен. «Ялчын» ЖШС-ның басшысы Рафик Гусейнов пен 172/6 мекемесінің бұрынғы қызметкері Бақтияр Айнақұлов та сот төрағасының өздеріне қатысты әділетсіз шешім шығарғанын айтып арызданды.

Маңғыстау соты судьяның қызметтен босауына қатысты түсінік берді

«2017 жылы 24 қазанда Ақтау қалалық сотының шешімімен 1,6 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Мүлкімді тәркіледі. Өз әрекеттерімде құқық бұзушылық болмағандықтан, шешімді әділ деп санамаймын. Тергеу 1 жыл бойы жүрді. Бірнеше рет сот сараптамасын жасады.  Мен шетелге қара металл экспорттаумен айналысамын. Заңсыз әрекет жасаған емеспін. Үш балам бар, отбасым қиындыққа ұшырады, кәсібім құлдырады. Әділетсіз шешім шығаруының салдарынан 7 ай қамауда отырдым, бірақ мерзімінен бұрын босап шықтым», — деді Р.Гусейнов.

Маңғыстау соты судьяның қызметтен босауына қатысты түсінік берді

«2017 жылы Мәлік Кенжалиев шығарған шешім бойынша 7 жылға сотталған болатынмын. Жанұямда да қиындықтар пайда болды. Бүгін пресс-конференция өткізді, жанына өз адамдарын жинап алған, бізді жақындатпады. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, әділ шешімдер шығарғанын айтып жатыр. Біз оның заңсыз әрекеттері көп болғанын айтқымыз келді. Менің қолымда Жоғары соттың шешімі тұр, мұнда қалалық сот төрағасы М.Кенжалиевтің шешімінің заңсыз екені көрсетілген. Бір әңгімесінде өзінің әділетті шешім қабылдап, ал біз Жоғары сотқа біз ақша беріп, басқа жолмен шешіп жатыр дегендей айтып қалды. Алла көріп тұр, екі балам бар, ешкімге бір тиын берген емеспін. Жоғары сотқа рақмет. Мен Ақтауда 172/6 мекемесінде қызмет еттім. Пара алу бойынша 4 адам бірдей айыппен қамауға алындық, бірақ екеуін айыппұлмен босатып, екеумізді 7 жылға соттады. Заңды шешім шығаратын болса, неге олай жасайды? Мен содан кейін Жоғары сотқа шағымдандым. Нәтижесінде 5 айдан кейін мен де, жанымдағы қызметкер де босап шықтық», — дейді Бақтияр Айнақұлов.

Маңғыстау облыстық соты төрағасының өкімімен шеттетілген төрағаның уақытша міндетін атқару осы соттың судьясы Әділсұлтани Гүлмаржанға жүктелді.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН