Ақтау қалалық сотының төрағасы судья Мәлік Кенжалиев бұған дейін әлеуметтік желілерде жасаған мәлімделеріне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "2019 жылдың 11 ақпанында әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындары мен халықаралық ұйымдарға, БҰҰ-на, ЕуроПарламент депутаттарына, ЕуроОдақ мемлекеттерінің, АҚШ пен Канаданың өкілдеріне құқықтық қорғау көрсету туралы өтініш жолдадым", - делінген М.Кенжалиевтің видеомәлімдемесінде. https://www.youtube.com/watch?v=91pzq0Ed8oM Оның сөзінше, мұндай мәлімдеме жасауына Айгүл Ақбердіні ақтау үкіміне қатысты мәселені теріс түсінгені себеп болған. "Маған және менің әріптестеріме нақты қауіп төніп тұр деп санадым. Мұндай жалған сенім жекелеген құқық қорғаушылармен әңгімелесуден кейін туды. Мен жағдайды зерделеп, ешқандай қауіптің жоқ екенін түсіндім", - деді Мәлік Кенжалиев. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының қолдауымен сот реформалары енгізілгенін, судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, әділ шешім шығаруға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. "Мен - өз елімнің және сот жүйесінің патриотымын. Реформаларға сенемін және олардың сотты барынша тиімді, ашық әрі қолжетімді етеді деп санаймын", - деді ол. Айта кетелік, Мәлік Кенжалиев 13 ақпанда өзі мен отбасына қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген еді. Ол видеода құқық қорғау органдарының өкілдері өзін аңдып жүргенін айтқан. Естеріңізге сала кетейік, бұған әлеуметтік желіде М.Кенжалиев өзінің Айгүл Ақбердіге қатысты ақтау үкімін шығарғаны үшін қудаланып жатқанын мәлімдеген еді. Бірақ Маңғыстау облыстық соты Айгүл Ақбердінің ісі бойынша шығарылған ақтау үкіміне М.Кенжалиевтің еш қатысы жоқ деп хабарлады. Сонымен қатар, ҚРЖоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевке қатысты қызметтік тексеріс бойынша түсінік берді.