©
Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жаңаөзендіктермен жүздескен жиында айтты. Президенттің тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыс жоспарланған. Тұрғындарға тиесілі көмек талаптары өзгертіліп, жәрдемақылар көбейтілмек. Мәселен, орташа жалақы 30 пайызға дейін көтерілмек. «Жақында ғана өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы Үкіметке, жергілікті билікке, қоғамдық ұйымдарға, кәсіпкерлерге тапсырма берді. Әсіресе көмекті, қолдауды қажет ететін көп балалы, аз қамтылған отбасыларға беруді баса айтты. Одан кейінгі мәселе – жалақыны көтеру. Шілдеден бастап қазір аз жалақы алып жүрген азаматтардың табысы орта есеппен 15-тен 30 пайызға дейін көтеріледі. Орташасы 114 мың теңгеге жетуі керек. Осы шарамен 1 миллионнан астам қазақстандық қамтылады. Оған білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласы қызметкерлері кіреді. Осыған сәйкес Маңғыстау облысында 27 мыңнан астам адамның жалақысы өседі», - деді Б.Сапарбаев. Министрдің айтуынша, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін 2019 жылы республикалық бюджетте 115,7 млрд. теңге қаралады. 1 сәуірден бастап еліміз бойынша жардемақы алушылар саны 830 мыңға жетпек. «Еліміз бойынша жәрдемақы 20 789 теңге, ал Маңғыстау облысы бойынша 23749 теңге болады. Бұл атаулы әлеуметтік көмекті бұған дейін 630 мың қазақстандық алып келсе, оның саны кем дегенде 830 мыңға жетеді. Жаңаөзенде 1850 адам алса, енді 3000-ға артады. Оған қосымша бұрынғыша көп балалы отбасыларға берілетін 10504 теңге жәрдемақы төленеді», - деді Б.Машбекұлы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, көмек ең алдымен мұқтаж отбасыларға көрсетілуі керек. Отбасының жиынтық табысын есептегенде көп балаға, «Алтын алқа», «Күміс алқаға» алатын жәрдемақы, стипендия алынып тасталатын болады. «Бізде қазір «Е-халық» жүйесі жұмыс істейді. Енді әлеуметтік көмек алу үшін ешқандай құжат жинамайсыздар. Тек жеке куәліктеріңізді жұмыспен қамту орталығына не жергілікті әкімдікке апарасыздар. Олар тиісті мемлекеттік органдардан құжаттарды өздері жинайды. 1 сәуірден бастап осы тәсілге түсуіміз керек», - деді министр. Бұдан бөлек «Еңбек» бағдарламасы арқылы мамандығы жоқ аналарға қысқа мерзімде мамандық берілмек. «Мемлекет тарапынан 10 мың адам 505 мың теңге көлемінде грант ала алады. Ауылда тұратын мүгедек балалары бар отбасыларға кәсібін ашу үшін 500 мың теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін (үлкен жоба болса 21 млн теңгеге дейін) жеңілдетілген несиелер де қарастырылды. Қазір ең кем дегенде 5000 адамды осы жобамен қамтуымыз керек», - дегенді айтты Б.Сапарбаев.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН