Бүгінде Маңғыстау облысында 2500-ден астам қауым мен ескерткіш бар. Қорғау, сақтау мақсатында 5 жыл бұрын облыс әкімінің қаулысы бекітіліп, бүгінге дейін 300-ден астам ескерткіш қамқоршылыққа алынған. Бүгінде олардың жағдайы қалай, күтімі мен қорғау жұмысына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Осы жөнінде облыс әкімдігінде арнайы комиссия отырысы өтті. Кезекті отырыста өңірдің тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау-сақтау шаралары мен мәселелері қаралып, қамқоршы мекемелердің жұмысы пысықталды.
Комиссия отырысына Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина, облыстық тарихи-мәдени қорық басшысы Нұрлан Құлбаев, аудан әкімдерінің орынбасарлары және қамқоршылық ұйым өкілдері қатысты. Облыста тарихи мұраларды қамқоршылыққа алған 15 мекеме бар, жиынға соның 7-і келді.
Жаңа ескерткіштерді есепке алу, реставрация жасау, ғылыми зерттеу жүргізу, насихаттау – тікелей облыстық мәдениет басқармасының және басқармаға қарасты тарихи- мәдени қорықтың міндетіне кіреді. Оларға қоршау жасап, қорғау тақталары мен жол сілтегіштерін орнатумен бірнеше ірі компания айналысады. Ал мемлекеттік мекемелерге сенбілік өткізіп, тазалау жұмыстары жүктелген. Ішінара кемшіліктер кездескенімен, облыс деңгейінде бұл шаралар атқарылып келе жатқанын жеткізді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина.
«Тарихи-мәдени мұраны қамқоршылыққа алған мекемелер мен кәсіпорындарға, аудан мен қала әкімдеріне арнайы тапсырма берілген. Облыс әкімінің бұл жөніндегі қаулысының қазір 2-кезеңінде жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы кезеңде 161 ескерткіш, екіншісінде 158-і қамқоршылыққа алынды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау заңы бойынша аудан, қала көлеміндегі ескерткіштерге сол жердің әкімдіктері, ал бақылау жұмысына облыстық мәдениет басқармасы жауапты. Қамқоршылыққа бекіту жөніндегі қаулы 5 жыл бұрын қолға алынған еді. Әрине жұмыс жасалмады деп айта алмаймыз, біраз шара атқарылды. Дегенмен биылғы жұмыстарда көптеген кемшіліктер болды. Ірі компаниялардың осы ескерткіштерге көзқарасының төмендеу болып отырған тұсы бар. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда өзге облыстарға қарағанда өңірде тарихи мұраларды қорғауға көңіл бөлініп, жұмыс жасалып жатыр», - дейді Пания Оңалбайқызы.
Маңғыстау облысында мемлекеттік қорғауға алынған 2500 ескерткіштің басым бөлігіне Үкімет тарапынан қоршаулар тұрғызылған. Ал қоршауы жоқ қауым, ескерткіштер жоғарыда айтқан ірі мекемелерге тапсырылған.
«Табиғат тарапынан, түрлі ауа райы, малдың, жануарлардың ықпалынан көбіне ескерткіштердің қоршаулары құлап жатады. Немесе қорғау тақталары мен жол сілтегіштерді кесіп алып, металл қабылдайтын орындарға өткізіп жіберетіндер де бар. Сондықтан әр жауапты мекемеден жұмысты жандандыруды сұраймыз. Себебі оларға тұрақты қарап, қадағалап отыру қажет», - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы облыстық мәдениет басқармасы қамқоршылықпен айналысып, салаға үлес қосқан 48 мекемеге Алғыс хат табыстаған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА