Кеше Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшы құрамы қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасына барып, туған-туыстарымен кездесіп, әріптестерін еске алды. 24 жыл бұрын жұбайынан айырылған Жұпар Исанова отбасының ұйытқысын сақтап, жолдасы Асиса Исановтың ұрпағын тәрбиелеп,қазіргі таңда 3 баладан тараған 7 немересінің сүйікті әжесі атанып отыр. Исанов Асиса Қошмұханұлы 1960 жылы 3 наурызда Түркменстан Республикасы Ашхабад қаласында туған. Милиция капитаны. 1979 жылы Өзбекстан Республикасы Шоманай совхоз техникумын бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы «Маңғышлақводстрой» мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып бастаған. 1981-1983 жылдар аралығында № 61591 әскери бөлімшесінде оператор БМП ретінде әскери міндетін атқарған. Ішкі істер органдағы қызметін 1980 жылы қаңтар айында Маңғышлақ облыстық атқару Комитетіне қарасты ІІБ № 48 әскери өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші лауазымынан бастаған, кейінгі жылдары әр түрлі қызметтерде жұмыстар атқарған. «Мінсіз қызметі үшін» медалімен КСРО ІІМ № 225 бұйрығымен марапатталған. 1995 жылдың 8 маусымында қызмет барысында өндірісіндегі қылмыстық істі тергеу барысында қарсылық көрсеткен қылмыскердің қолынан қаза тапқан. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81508,81507"] - Бейбіт кезеңде өз өмірін Отанын қорғаудың күрделі мамандығына арнаған және бүгінгі күні еліміздің әскери күші мен қорғаныс қабілетін арттыру жолында қызмет атқаратын барлық азаматтарымызды алда келе жатқан 23 маусым Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, алғыс білдірді, - деп аяқтады сөзін Жұпар Исанова. Сонымен қатар полицейлер 2001 жылдың 25 наурызында қызмет бабында қаза болған Қалдыбай Байрамқұлұлы Батырхановтың анасы Оразхан Батырхановамен кездесіп, отбасының жағдайымен де танысты. Қалдыбай Байрамқұлұлы Батырханов 1978 жылы Түркменстан Республикасы Геок-Тепе кентінде туған, полиция кіші сержанты 1996 жылы Ақтау қаласындағы № 4 МКТУ бітірген. Еңбек жолын Ақтау қаласындағы механика-жөндеу зауытында бастаған. 1997-1999 жылдар аралығында Зайсан қаласы № 2017 әскери бөлімшесінде кавалерист ретінде әскери міндетін атқарған. І шкі істер органдағы қызметін 2000 жылы мамыр айында Күзет бөлімшесінің кіші инспекторы лауазымынан бастап, еңбек жолында үздік қызметкер бірнеше марапат иесі атанған. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81512,81514"] - Бұл қызметкерлер – өздерінің қызмет бабында қайтыс болған, сонымен қатар қаскөйлердің қолынан мерт болған жандар. Олар – елдің тыныштығын күзетіп, қылмысты ашу мен оның алдын алу барысында полиция қызметкерлері өзінің бар күш-жігерлерін жұмсап, еңбек еткен. Келешек ұрпаққа қызметкерлеріміздің қайсарлықтары үлгі болары анық, - деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Кадр жұмысы саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманбек Кошев. Жоғарыда аталған отбасылардың жас буындары 13 жасар Насихат пен 5 жасар Мансұр бірі атасы, енді бірі ағасы секілді болашақта тәртіп сақшысы болғылары келетінін айтып, осы салада қызмет етіп жүрген полицейлердің қызметіне қызығатындықтарын әңгімеледі. Бейбіт өмір үшін жандарын пида еткен полицейлердің ерлігі ұмытылмауы тиіс.
МО Полиция департаменті ұсынды