©
Бұл туралы қала әкімдігінде өткен брифингте Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бақов Демеуғали Ертайұлы мәлімдеді. Сонымен қатар брифингке Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қалниязова Тұрсынай Қарымсаққызы қатысып, өңірдегі салық төлеушілер мен салық түсімі туралы баяндады.
2018 жылы 31 қаңтарда Ералы Лұқпанұлының жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау туралы іс-шаралық жоспары жасақталған еді. Соған сәйкес арнайы жұмысшы топ құрылған.
-Қазіргі таңда ең маңызды мәселе салық түсімдерін ұлғайту болып отыр. Маңғыстау облысы салық түсімі жөнінен республика бойынша үшінші орында. Өткен жылы бірінші орында тұрған. Салық көздерін ұлғайту мақсатында мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда ресторан, кафе, шаштараз секілді субьектілер өкілдерімен екі рет жиналыс өткізілді. Біздің басты мақсатымыз – салық төлеушілерді шақыру. Яғни, әркім өзіне тиесілі салықты өтесе, біздің бюджетіміз молаяды. Тиісінше жол салу, қаланы безендіру, балабақша, тұрғын үй, спорт алаңдарын т.б. салу тәрізді қажеттіліктерге жұмсалатын болады, - деді Демеуғали Ертайұлы.
Мамандардың атйуынша, биыл шамамен жергілікті бюджетке 74 млрд теңге түсіру көзделген. 2018 жылдың 18 қыркүйегіндегі нәтиже бойынша оның 48 млрд теңгесі төленген. Бұл болжанған көлемнің 65 пайызын құрайды. Ал 2017 жылы салық түсімі 66 млрд теңге болған.
-Бүгінде Ақтау қаласы бойынша 25575 жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде кафе, бар иелері 465 болып отыр. Шаштараз бойынша 525 салық төлеуші бар. Аталған кәсіптер бойынша бақылау жүргізіліп, талдау жасалды. Құқық бұзған 155 кафе мен барға хабарлама жолданды. Олар кірістерін төмендетіп көрсеткен. Яғни, қорытынды есептерін нөлдік деңгеймен көрсетіп, қызметкерлер санын азайтып жазған. Тіпті, 1-2 қызметкер деп жазғандар бар. Оларға қажетті шаралар қолданылды, - дейді Тұрсынай Қарымсаққызы.
Бұған дейін редакциямызға қала тұрғыны дәріхананың жасанды чек бергенін айтып шағымданған болатын. Спикерлерден бұл мәселе туралы сұрауды да жөн көрдік.
-Барлық чек онлайн аппарат арқылы тіркелетін болады. Ресми чекте ЖСН, салық төлеушінің аты-жөні көрсетіледі. Кассалық аппараты бар, бірақ чекті тексермейтін салық төлеушілер де кездеседі. Мұндай жағдай анықталғанда тексеріс жүргіземіз. Бірінші ескерту беріледі. Екінші рет жазаға тартылып, 34 мың теңге айыппұл салынады. Егер салық төлеушілер мұндай мәселелерін бізге келіп айтып, олқылықтың орнын толтырса, бізге жеңіл болушы еді, - дейді Тұрсынай Құлниязова.
Ақтау қаласында қазіргі таңда транспорт бойынша – 79709, жеке мүлік бойынша – 66290, жер телімі бойынша – 66404 салық төлеуші тіркелген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН