Катер бүгін Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан суға жіберілді. «Ратмир» атауы ҚР Әскери-теңіз күштерінің ең алғашқы қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Әлімханұлы Комратовтың құрметіне берілген.
Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы аумағында даңқ аллеясы ашылды. Аллея Каспийдегі иен байлықты қорғау жолында қаза тапқан жандарға арналған. Әсіресе, қарт Каспийде браконьерлерді ауыздықтау кезінде ерлікпен көз жұмған 22 жасар 2 бапты старшина Бақжан Ақыпбековке ескерткіш ретінде бой көтерген. Сонымен қатар, мұнда ерлік көрсеткен батырларымыздың өмірбаяны мен суреті бейнеленген тақтайшалар да қойылған.
1993 жылдың 2 сәуірінде Елбасы «ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Сол уақыттан бері техниканың соңғы үлгісі бойынша жабдықталған отандық өндірістің жаңа зымыран-артиллериялық корабльдері пайда болды. ӘТК-дегі әскери қызметшілердің саны ұлғайды, оларды оқыту және жауынгерлік даярлау сапасы арттырылды.
– «Ратмир» катері Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалды. Оның артықшылығы – өте жылдам жүреді, жылдамдығы 52-53 торапқа дейін жетеді (1 торап – 1,852 км/сағ.). Ол мемлекеттік шекарада құқық бұзылушыларды тез арада құрықтауға мүмкіндік береді. Қару-жарақ сақтауға, шабуылға, өртке төзімді. Соңғы технологиямен жабдықталған. Экипаж 5 адамнан тұрады: командир, механик, боцман және қосалқы құрамдағы 2 матрос. Қазір мұндай катердің төртеуі бар, дегенмен «Зенит» зауыты мұнымен тоқтап қалмақ емес, – дейді катер командирі Виктор Юрьевич.
Командирдің айтуынша, катер он күнге дейін жағаға шықпай, айдында жүре алады. Салтанатты жиын барысында катер жалауы көкке көтеріліп, теңізге алғашқы сапарын жасады.
https://youtu.be/g-nHYTLzbr8– Осыдан 24 жыл бұрын әскери-теңіз күштерін құру жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында осында келген жандарға алғысым шексіз. Келесі жылы үлкен мерейтой, әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 25 жыл толады. Алғаш әскери-теңіз күштерін құру кезінде біз желілік график құрып, оны ең бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке ұсындық. Міне, содан бері 24 жыл ішінде атқарылған іс, жеткен жетістік аз емес. Катерге менің есімімді беріп, құрмет көрсетіп жатқаны үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне алғысым шексіз, – деді Әскери-теңіз күштерінің ең алғашқы қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Әлімханұлы.
Шараға 300-ге жуық әскери қызметкер, қала, аудан басшылары, әскери-теңіз күштері өкілдері мен ардагерлері қатысты. Олар «Ратмирдің» алғашқы қадамына куә болып, алғашқы жолаушылары деген атқа да ие болды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34426,34427,34428,34429,34430,34475,34489,34490,34488,34487,34486,34485,34484,34483,34482,34481,34493,34494,34502,34474,34498,34497,34496,34495,34480,34479,34478,34477"]