Қарақия ауданында Ата Заң күні аталып өтті
[ 2017 ] 5 қыркүйек, 10:07 | Жаңалықтар
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болған Ата Заң күнін Қарақия ауданы алдын-ала дайындықпен, кең көлемде өткізді.
Әуелі ауыл ішілік алаңдар мен көшелерді безендіріп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, орталық алаңды мерекелік түрлі-түсті жарықтандырумен қамтамасыз еткеннен кейін, сахнаны салтанатқа сай безендіріп, Ата заңды ардақтау тақырыбында баннер ілінді. Дәл 30 тамыз күні кешкісін аудан тұрғындары алаңға жиналысымен, Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран ойналғаннан кейін мерекелік шараны Құрық ауылының әкімі құттықтау сөзбен ашты.
Бұдан соң басталған «Ата заңым - айбарым» атты концерттік бағдарлама көрермен көңілін көтерді. Салтанатты шараға сән беріп, ауыл тұрғындарын көркем өнермен сусындата келген Маңғыстау облыстық Мұрат Өскінбайұлы атындағы филармонияның «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мереке көрігін одан әрі қыздырды. «Ақжарманың» ұлттық нақышына жұрт сусап қалған сияқты. Оркестрде ойналған күйлер мен жанды дауыста шырқалған сазды әуендерге ерекше ықылас білдірді. Концерттің соңында аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев сахна төріне көтеріліп, тамаша өнер көрсеткен ансамбль мен театр ұжымына аудан әкімшілігі және халқы атынан алғыс білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ мерекелік шара кезінде түрлі спорттық ойындардан жарыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.
Шынар КЕНДІН
1068
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.