№5 орта мектепте мұғалімдер мен әкімдік қызметкерлерінің, әлеуметтік қамсыздандыру саласы және іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстел өтті. Жиынды облыстық "Іскер әйелдер қауымдастығы" қоғамдық бірлесітігінің аудандағы филиалы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аймақтық департаменті, аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе ұйымдастырды.
Онда Президенттің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында келтіріген зейнетақы мен жәрдемақылардың өсімі, келер жылдың басынан әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру, базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібінің өзгеруі тақырыптарында сөз болды. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту туралы да айтылды.
Дөңгелек үстелге облыстық іскер әйелдер қауымдастығының Маңғыстау ауылы бойынша төрайымы Мая Жәудірханқызы, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің №2 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі басшысы Айжамал Қалмағамбетова, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау өңірі бойынша әлеуметтік төлемдерді ведомоствоаралық есептеу орталығының аудандағы бөлім басшысы Ұлболсын Төлегенова, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Нұрболат қатысты. Олар жоғарыда келтірілген мәселелер бойынша түсінікпен бірге туындаған сұрақтарға жауап берді.