«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ блыстық филиалы директоры Сәбит Жақсылықов ауданда болып, аудан әкімдігінің белсенді тобымен кездесті. Кездесуде аталған банк арқылы тұрғын үйлерді ұсыну тәртібі туралы егжей-тегжейлі сөз болып, пікір алмасылды. Жиынды ашып, басқосудың мәні - баспаналы болудың жөн-жосығы жайында аудан халқын кеңінен құлақдар қылу екенін тілге тиек еткен аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев аудандағы тұрғын үй құрылысы жайына да тоқталды.
- Бүгін Маңғыстау ауылындағы 12 көп қабатты несиелік бағыттағы тұрғын үйлерді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілу процедуралары мен ұсынылу тәртіптерін түсіндіру мақсатында жиналып отырмыз, -деді Нұрлан Төлегенұлы. Әкім айтқан 12 үйде 288 пәтер бар, бүгінде ондағы құрылыс бітуге таяу. Тиісті сараптаулардан өткен банк салымшылары көп ұзамай қоныс тойын тойлайтын болады. Аудан басшысының мәліметінше, жалпы ауданда халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы Маңғыстау ауылынан жайлылығы III және IV деңгейлі топтағы 24 пәтерлік 4 қабатты несиелік бағыттағы 12 тұрғын үй құрылысын бастауға тиісті қаражат бөлінген. Ағымдағы жылы шілде айында аяқтау жоспарлануда. Осы жылы Маңғыстау ауылында жалдамалы 24 пәтерлік 8 тұрғын үйдің және Батыр ауылынан жалдамалы 4 пәтерлік 17 үйдің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен, Маңғыстау ауылында төрт қабатты 24 пәтерлі отыз жалдамалы тұрғын үй құрылысының ЖСҚ-сын қайта байламалауға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған.
Аудан әкімінен соң сөз алған оның орынбасары, аудандық тұрғын үй комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жолбаев тұрғын үй кезегінде тіркеуде тұрғандар тізімімен таныстырды. Нұрлыбек Бергенқұлұлының сөзінше,осы жылдың 17 қаңтары жағдайына жасақталған баспана кезегінде 2617 адам тұр. Соның 46-сы жетім балалар, 1249-ы әлеуметтік топтарға жатса, 1322-сі бюджет қызметкерлері. -Тұрғын үй кезегін азайту мақсатында ауданда біршама жұмыстар атқарылуда. Қазірде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелік үйлер салынып жатыр. Бұған дейін біз төрт қабатты 20 үйлердің жобалық құжаттарын дайындатып қойған болатынбыз. Өткен жылдардағы дағдарысқа байланысты қаражаты бөлінбей, осы аталған бағытпен салуға ұсынғанбыз. Себебі, тұрғын үй мәселесімен хабарласатын адамдардың көбі Маңғыстау ауылынан несиелік үйлер салына ма деген сұрақты алға тартатын. Сондықтан құрылысты тоқтатпай, осы бағытта жүргіздік. Қазір үйлердің құрылысы аяқталып қалды. Әкімдікте пәтер кезегінде тұрған адамдардың тізімін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалына бергенбіз. Екі жақтан да насихаттық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен банктің ақпаратынша, біздің ауданнан бұл бағытта үй аламын дейтін салымшылар аз көрінеді,-деген тұрғын үй комиссиясының төрағасы ауданнан салынып жатқан несиелік үйлердің шаршы метрінің құны 100 мың теңге және бұл сома Ақтау қаласына қарағанда 30 пайызға арзан екенін айтты.
- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - мемлекеттік оператор саналады. Сол себепті әкімдікте тізімде тұрғандар несиелік үй алатын болса, бізден есепшот аштырып және интернет арқылы сол пәтерлерге арыз бере алады. Есепшотты кім ерте келіп ашса, ертерек салым жинаған болса, сол салымшының үй алуға мүмкіндігі көбірек. Бағдарламаға енгізілген күннен бастап оның балы есептеледі. Бұл үшін салымшының 30 пайыз бастапқы жинағы болуы тиіс, ол тұрғын үй несиесін 5 пайызбен ала алады. Бұл өте тиімді баға. Қазір ресми инфляция деңгейі 7,5-8 пайыздың үстінде. Ал біздегі несие деңгейі мемлекеттік бағдарламамен одан төмен, яғни 5 пайызбен 25 жылға беріледі. Несиелік үйді уақытымен қарызын қайтара отырып жекешелендіріп алуға болады,-деп мемлекеттік қолдау арқылы баспаналы болу мүмкіндіктерін түсіндірген «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Маңғыстау облысы филалының директоры Сәбит Жақсылықов бағдарлама бойынша аудан активі тарапынан қойылған сұрақтарға да кеңінен тоқталды.
Бұл жерде ескеретін жайт, аталған несиелік үйлерден пәтер алу үшін банктен есепшот ашып, арыз қабылдау мерзімі мамыр айының 4-не дейін жалғасады.
Шахида Жұман