Бүгін өңірімізге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен келді. Алдымен Құрық портындағы құрылыс алаңдарын аралап, жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Құрық портын салудың 1-кезеңі 2015-2016 жылдары жүзеге асса, жыл басында 2- кезеңнің жұмыстары басталып кеткен-ді. Құрық портының бірінші кезеңі іске қосылғалы бері 780 мың тонна жүк тиелді. Атап айтсақ, мұнай, мұнай өнімдері, ет, құс еті, құрылыс материалдары шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Алғашқы теміржол кешені кезеңінің қуаттылығы – жылына 4,1 миллион тонна. Екінші автокөлік кешені кезеңі осы жылдың аяғында іске қосылады. Қуаттылығы – жылына 3 миллион тонна. Осы кезең бойынша қазіргі таңда құрылыс алаңында жатақхана, асхана, қонақүй, кедендік бақылау қызметі, көлікті өткізу пункті жəне тағы да басқа 47 нысан салынып жатыр. – Маңғыстау – еліміздің көліктік-логистикалық хабы, транзиттік дəлізі. Мұнда соңғы жылдары жаңа жобалар жүзеге асып, жаңа нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асып жатқан стратегиялық жобалардың бірі – Құрық паром кешені. Бұл – аймақтық жоба Азия мен Еуропаға жол ашады. Бұл жоба белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс. Алдағы уақытта Ақтау порты мен Құрық паром кешені транзиттік жүк легін арттыра түседі. Паром кешенінің 2- кезеңі белгіленген уақытта пайдалануға берілуі тиіс, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин. Ол өз сөзінде бұл жобаға жергілікті мамандарды тарту мəселесін көтерді. Маңғыстау облысының əкімі Ералы Тоғжанов қажетті мамандықтар бойынша тұрғындар қайта даярлаудан өтетінін, бұл мəселе бақылауда екенін жеткізді. «Құрық порты» ЖШС басшысы Мырзабек Сақтағановтың айтуынша, Құрық паром кешенінің 2- кезеңі Тəуелсіздік күні мерекесінде пайдалануға беріледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34517,34509,34510,34512,34511,34519,34518,34516,34515,34520"]