Жергілікті команда өз алаңына екі жыл үзілістен кейін қайта оралды. Сол алаңда екі күннен соң «Қайрат А» командасымен кездеспек. Сондықтан қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Біз де «Каспийдің» жаттығу барысын тамашалап, әзірліктерін байқап келген едік.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Ералы Тоғжанов жыл басында «Жас қанат» стадионына жөндеу жүргізу үшін жергілікті кәсіпкерлермен 80 млн теңгеге келісім жасалғанын мәлімдеген болатын. Осыған орай сәуір айында алаңға күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Кешенді жөндеуден өткен стадион 22 қыркүйекте алғашқы ойынын өткізбек. «Қайрат А» мен «Каспий» командаларының кездесуін жанкүйерлер тегін тамашалайтын болады. Сондай-ақ ойын барысында көрермендер арасында ұтыс ойнатылып, оған бес велосипед тігілмек. Ол үшін "Жас қанат" спорт кешенінен билет алу қажет. Билеттер тегін таратылады.
-Облыс әкімінің тапсырмасымен алаң жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енді. Міне, алғашқы үлкен жарыс өткелі жатыр. Біраз жұмыс атқарылды. Алаңмен қатар киіну бөлмелері де жаңарды. Көрермендерге арналан орындықтардың есіргендерін, сынғанын ауыстырдық. Орындықтар саны - 3250. Бұрынғы қақпалар металдан жасалған, ауыр және жарақат алып қалуға қауіпті еді. Ал қазір ол «УЕФА» бекітіп берген жаңа қақпаға алмастырылды. Тұрғындар, қала қонақтары осындай әдемі алаңға келіп ойын тамашалай алатын деңгейге жетті, оған біз қуаныштымыз. Жігіттер өз үйінде лайықты ойын көрсетеді деген үміттеміз,- дейді футбол клубы директорының орынбасары Айнди Жумаев.
«Каспий» командасының құрамында 19 бен 33 жас аралығындағы футболшылар ойнайды. Олардың арасында Хорватия, Сербия елдерінен шақырылған үш азамат бар. Бұған дейін өтекн баспасөз жиынында мамандар болашақта тек Маңғыстаудан ғана емес, Астана, Тараз қалаларының ойыншыларын да командаға тартатындарын айтқан болатын.
Олжас Мұқанов 7 жасынан бері футболды серік еткен. Кәсіпқой лигада ойнағанына биыл төртінші жыл. Олжастан екі маусым сырт алаңда ойнаудың айырмашылығын, ойынға әзірлік барысын сұрап көрдік:
-Алғаш рет футболға 7 жасымда келдім, 10 жасымда «Каспийге» ауыстық. Осы соңғы екі жыл сырт алаңда ойнадық. Оның өзіндік әсері де жоқ емес. Жанкүйерлерің аз болады, ол нәтижеге де ықпал етеді дегендей. Сондықтан өз қаламызда, өз жерімізде ойнағымыз келеді. Қазір дайындық қарқынды жүруде. Жаңа алаң бізге ұнады, өте ыңғайлы. 1 тамыздан бері осы алаңда дайындалып жатырмыз, - дейді «Каспий» футбол клубының қақпашысы.
Ақтаулық футбол клубы 1962 жылы құрылған. 1979 жылдан «Труд» атауымен сайыстарға қатыса бастады. 1990-1992 жылдар аралығында «Ақтау», 1993-2000 жж «Мұнайшы», 2001 жылы «Маңғыстау» атауларын еншілеген клуб 2002 жылдан бері «Каспий» аталып келеді.
1992 жылдан Қазақстан чемпионатына қатысады. Ең үздік нәтижесі – 4 орын. Дәл сол жылы ең үздік жеңісіне де қол жеткізді. Алматылық «ЦСКА» командасын 7:0 есебімен ұтты. Клуб 2002 жылдан Бірінші лига командалары арасында Қазақстан біріншілігінде ойнап келеді. Ең жоғары көрсеткіші – 2 орын.
-Жаңа алаң біздің жанкүйерлерімізбен толады деген үлкен үміттеміз. Жігіттердің жаттығуы мықты, команда ойынға сақадай сай, - дейді «Каспий» футбол клубы жаттықтырушысының көмекшісі Сава Ковачевич.
Сенбі күні «Каспий» өз жанкүйерлерін алаңда күтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61497,61498,61499,61500,61501,61502,61503,61504,61505"]