©
Бүгін "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының Маңғыстаудағы мұнай компаниялары Абай атындағы мәдениет үйінде қайырымдылық ретро концертін өткізді. Бейнеулік Балғынбек Бахтиярдың еміне көмек қолын созу үшін ұйымдастырылған бұл концертте 100-ден аса жастар өнер көрсетті. Екі қолынан бірдей айырылған Балғынбекке ота жасап, протез салдыру үшін әлі де көп қаражат керек. Осы жағдайға алаңдаған мұнайшы жастар бірауыздан концерт ұйымдастыруды мақсат тұтты. «Маңғыстаумұнайаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз», «ОСК» және өзге де мұнай мекемелерінің қызметкерлері ән айтып, шағын қойылымдар легін қойды. Бірде «Мұнайшы қызға» ән арнаса, енді бірде «Шофердің әнін» шырқады. Күй шашу орындап, қалың көрерменмен бірге 80-жылдарға саяхат жасады. Кеш жүргізушісі, әрі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманованың айтуынша, жастар ретро жанрында өнер көрсету үшін ұзақ дайындалған. Қатысушылар өз еркімен сахнаға шығуға келіскендіктен, ұйымдастыру оңай болғанын айтады ол. – Сахнаға шыққан жастар еркін әрі шынайы өнер көрсетті. Балғынбектей ініміздің өмірге деген құлшынысы бізге қанат бітірді. Бірлік бар жерде, тірлік бар. Осындай игі іске мұрындық болған ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысымызды білдіреміз, – дейді Анар Нұғманова. Кеш соңында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ Адам ресурстарын басқару жөніндегі вице президенті Серік Сақбалдаұлы Әбденов Жас мамандар кеңесінің құрылуы жөнінде біраз дерек келтірді: –2014 жылы Жас мамандар кеңесі үш қана мекемеде болды. Сол жылы Маңғыстау өңірінде бүкіл республикадан жастар жиылып, жастар кеңесін құрған болатынбыз. Бүгінгі таңда 42 мекемеде, дәл осы жастар кеңесі құрылып, өз ісін жалғастыруда. Әр мекеменің жаңашыл әрі талапты жастары бірігіп, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарып, өздерін танытып жүр. Бүгін Маңғыстау облысы әкімімен кездескен белсенді жастар өңірдегі өзекті проблемаларды бірге талқылап, дискуссия құрды. Мұның өзі ел басқаруда жастардың ойы ашық айтылатындығын дәлелдейді. Серік Сақбалдаұлы Жас мамандарға ұстаным болған қанатты сөзді қадап айтты: Жылағанды жұбат, Жығылғанды жебе, Айырылысқанды табыстыр, Сазды қосып жер ек, Азды қосып, ел ет! Осы ұстаныммен ел болып, береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатырмыз. Жас мамандар кеңесінің негізі бағыты да осы. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және оған еншілес мекемелері, «Қарақұдықмұнайгаз» АҚ ұжымы біріге отырып жинаған бас-аяғы 850 мың теңге көлеміндегі қорды Балғынбек Бахтиярдың әкесіне табыстаймыз! – деді ол. Сонымен, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына еншілес мекемелер арасында Жас мамандар кеңесі құрылғанына биыл үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде Жас мамандар кеңесі түрлі қызықты шаралар ұйымдастырып, игі істер жасап келеді. – Биыл оразаға тұспа-тұс қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Маңғыстау мұнай компанияларының жастары бірігіп, бейнеулік Балғынбек Бахтияр есімді жеткіншектің қолына протез жасату үшін барын салды. Концерттің билетінен түскен барлық қаржы Балғынбектің еміне жұмсалатын болады. Біздің мақсатымыз да осы, – дейді "Маңғыстау Мұнай Газ" акционерлік қоғамы Жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Ходжаев.Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ