Украинада өткен әлем біріншілігінің чемпиондарын және бапкерін "Нұр Отан" партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов қабылдап, облыс әкімдігі атынан ақшалай сый табыс етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Елубай Жақайұлы джитсерлерге өңірдің спорт саласын дамытуға бар жігерімен белсенділік танытып, зол үлес қосқаны үшін, адал еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін алғыс білдіріп, арнайы алғыс хатпен марапаттады. Жиынға джиу-джитсудан Маңғыстау облысы бойынша федерациясының вице-президенті Ерғали Сисенғалиұлы, спортшылардың бапкері және жастар қатысты. Айта кетейік, бұрын хабарлағанымыздай маңғыстаулық 3 спортшы, атап айтқанда Әбу-Бәкір Жәнібеков, Әлия Тлепова мен Азамат Абаев джиу-джитсудың комбат жүйесі бойынша өткен чемпионаттан алтыннан алқа тағып келген еді. Оларды әуежайдан қауым жұрт ерекше көңіл-күйде қарсы алып, қуанышты еселеді. Бұндай қуаныштың соңы игі жақсылықтармен жалғасын тапқанына спортшылардың барша жанкүйерлері риза. Әбу-Бәкір Жәнібеков осы жылдың ішінде 8 белесті бағындырып үлгерген. Әлем кубогының, Азия чемпионатының, бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының, ҚР чемпионатының, Еуропа чемпионатының, Әлем чемпионатының, Гран при және Гранд Слам турнирлерінің алтын жүлде иегері. Сонымен қатар, Азияның екі дүркін чемпионы. Ол 5 жасынан спортты серік етіп келеді. Қазіргі бапкері Болат Дюсембиевпен 2013 жылдан бері жаттығу жұмысын жүргізіп, биік белестерден көрініп жүр. Ал, Әлия Тлепова Азия біріншіліктерінің екі мәрте чемпионы және күміс медаль иегері. Ал оның барлығы 70 шақты жүлдесі бар. Маңғыстаулық қайсар қыз жалпы спортпен 13 жасынан бері айналысады. Ал бұл қызды Болат Дюсембиев 2016 жылдан бастап бәйгеге қосып келеді. Алғашқы жүлдесі алтыннан бұйырған Азамат Абаев әлемдік дәрежеде 92 келі салмақта қарсыластарының тізесін бүктірді. Ол "Қазақстанның спорт шебері" атағын алған джитсер. Жұлдызы жанып тұрған бұл спортшылардың еңбегіне ел тәнті, қауым қуанышты. Дәл осындай жігерлі, әрі қайратты жастарды тәрбиелеуде бапкердің ісі орасан. Күш-қуаты мен маңдай терінің нәтижесін мойнына тағылған алқасынан көретін джитсерлердің әр жеңісі мақтаулы болып қала бермек.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН