3 қараша күні Тұщықұдық ауылының тұрғындары джиу-джитсудан әлем чемпионы Әбу-Бәкір Жәнібековпен кездесті. Чемпионды ауылдастары әндетіп, шашу шашып қарсы алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайтының тілшісі. Ауылдық мәдениет үйінде ел сүйсінген батыр ұлға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 10 айдың ішінде бірнеше белесті бағындырған Әбу-Бәкірге ауыл азаматтары атынан бір жылқының құны берілді. Ал спортшы мен бапкері Болат Дюсенбиевке ауыл жастары атынан кәде сый жасалып, оларды ыстық ықыласпен ортаға алған жұрт жетістікке жету жолындағы еңбектері туралы естуге асықты. Сондай-ақ, салтанатты шараға өңірде дзюдо спортын дамытуға үлес қосып жүрген Т.Жолдыбаев атындағы дзюдо мектебінің аға бапкерлері мен директоры да қатысты. Ауыл әкімдігі атынан спорт саласын дамытуға қосқан үлестері үшін бапкер мен шәкіртке алғыс жарияланып, сыяпат тапсырылды. - Бүгінгі кешімізге себепкер болып жатқан Әбу-Бәкір Жәнібеков ініміз Тұщықұдық ауылының құмына аунап өскен бала. Әлем чемпионы болған дәрежесін көтермелеу мақсатында ауыл тұрғындарымен осындай кеш ұйымдастырып отырмыз. Қолдан келгенше сый-құрмет көрсетіп жатқан жайымыз бар. Ауылымызда осындай чемпиондар көп шықса екен дейміз. Ауылдың халқы әрқашан өздерінің туған ұлдарының қуанышына ортақтасуға дайын. Чемпионымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз, - деді Тұщықұдық ауылының әкімі Азамат Қойсарин. Ауыл үлкендері бата беріп, мерекелік шара жеңісті ұлға арналған қонақасына ұласты. Джиу-джитсудан әлем чемпионы, бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының және 2 дүркін Азия чемпионы 22 жастағы Әбу-Бәкір Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық ауылынан түлеген. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86993,86990"] - Киевте джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында алтын медальға ие болған едім. Ауыл азаматтары сол жеңісімді ескеріп, қонақ қылып жатыр. Өте ерекше көңіл-күйде күтіп алды. Ауыл әкімдігіне, ағаларыма рақмет, - деді джиу-джитсудан халықаралық спорт шебері Әбу-Бәкір Жәнібеков. Әбу-Бәкір ауылдан ұзап, қызығы мен шыжығы таусылмайтын шаһарға кеткелі қашан. Тұщықұдық Әбу-Бәкірді жасөспірім шағында шығарып салып, чемпион болған жұлдызды сәтінде қайта ауылға табан тіретті. Арманына қанат байлап, қазіргі чемпионды қалаға аттандырған ауылында Әбу-Бәкірді танымайтын жан кемде-кем. Осындайда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?» деген сөз ойға оралады. Шашасына шаң жұқтырмай талай додаларда қарсыластыратының тізесін бүктірген чемпион өз ауылы үшін қашанда ардақты ұл болып қала бермек.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер автордан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86991,86986,86989,86992,86988"]