«Өркениетті келешек» қоғамдық қоры 2019-2020 жылы Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен "Мен бармын!" жобасын жүзеге асырады. Бұл туралы қордың директоры Гүлбаршын Қарабалина айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жоба Ақтауда мүгедек арбасымен жүретін жандарға қол жетімді жағдай жасауға көмектесуге бағытталған. Ақтау қаласында 200-ден аса арбамен жүретін тұрғын бар, сонымен қатар, қала көшелерінде балалар арбасымен жүретін ата-аналардың да саны аз емес. Алайда қала нысандарының пандустары мен теппелері толығымен стандартқа сай болмауы олардың күнделікті өмірін тек үйде өткізуіне бірден-бір себеп. «Мүгедектер, балалы аналар күн сайын пандустарға тап болады. Нысандарға қол жетімділіктің жетіспеушілігі мәселесі мүгедек адамдардың қоғамға толықтай қатысуына мүмкіндік бермейді. Біз оларды көрмейміз, олар бүкіл өмірлерін төрт қабырғада өткізеді. Арбамен дүкен және дәріханаларға кіре алмайтын аналар үшін оңай емес, өйткені олардың көпшілігінде ыңғайлы пандустар жоқ. Біздің жобаны жүзеге асыруда біз осы мәселеге қоғамның және облыс орталығының басшылығының назарын аударғымыз келеді», - деді Гүлбаршын Қарабалина. «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының директоры айтқандай, жоба командасы «Мен бармын!» атты әлеуметтік видеролик жасап, билборд іліп, ыңғайсыз пандустар немесе олардың болмауы мәселесіне қоғамның назарын аудару үшін басқа да шаралар ұйымдастырады. «Жоба байқау нәтижесінде анықталған 10 нысанның пандустарын қайта құруға немесе орнатуға көмектеседі. Ал 5 пандусты нысандар иелерінен стандарттарға сай келмейтін пандустарды қайта құруын қоғам талап ететін болады. 25 мүгедек тұрғын үшін «Өркениетті келешек" қоғамдық қорының «Періште» орталығында оңалту курстары - йоготерапия, емдік дене шынықтыру, ми биоаккустикалық түзету аппаратындағы курстар, ағылшын тілі, қолөнер сабақтары жүргізіледі. Байқаудың барлық қатысушылары сыйлықтар мен жүлделерге ие болады, олардың ішінде тауарларды сатып алу сертификаттары, соның ішінде балалар, медициналық сақтандырулары, сондай - ақ «Періште» орталығында оңалту сертификаттары және т.б. Қоғамдағы мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бірге қолжетімді орта құрайық», - деп шақырады жоба командасы. Жоба аясында қор «Мен бармын!» байқау жариялады, оған арнайы мүгедектер арбасында қозғалатын адамдар «жарамсыз» пандус немесе мүлдем пандус жоқ жерлерде суретке түсіп, әлеуметтік желілерде жариялайды. Байқауға әлеуметтік желілер арқылы (Инстаграм: @orkenietti_keleshek, Facebook: Өркениетті келешек) қатысуға болады. Байқау үстіміздегі жылдың 30 қарашасында аяқталады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ