Фототілші Серік Майемеров Ә.Кекілбайұлының 80 жылдық мерейлі тойы қарсаңында абыз өмірінен фотокөрме жасап, көпшілік назарына ұсынды. Серік Сәрсенбайұлының төл туындысы бүгінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев ашылу салтанатына қатысқан "Әбіш Кекілбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне" табысталған. 10-12 қазан күндері жазушының туған жерінде өткен шаралардың көркіне айналған фотокөрменің ұзындығы 12 метр. Арнайы дайындалған көрме қабырғасында 80-ге жуық сурет көрініс тапқан."Кемел елдің кемеңгер қаламгері", "Әбіш әлемі және Маңғыстау", "Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр" және "Ұлы өнегенің абзал мұрагері" деген тақырыптарға топтастырылған суреттер көрермен жүрегінен жол тапты. Көрмедегі суреттер фототілшінің заңғар жазушы өмірінен түсіргендерінің жартысы ғана. Өлкенің маңызды әрі тарихи сәттерін "таңбалауда" Серік Майемеровтың қосқан үлесі айтулы. - Фотокөрмеде Әбіш Кекілбайұлының Маңғыстаудағы және Нұр-Сұлтан қаласындағы суреттері бар. 2005-2006 жылдары түсіріліп бастаған суреттер қатарында табиғат аясындағы, Фариза Оңғарсыновамен, Елбасымен бірге түскен суреттері бар. Маңғыстау облысындағы маңызды шараларын іске асыру кезіндегі суреттерді де орналастырдым, - дейді фотокөрме авторы Серік Сәрсенбайұлы. Ал жергілікті газет оқырмандарына Серік Майемеровтің есімі таңсық емес. Өйткені ол 2006 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетінде фототілші қызметін атқарып келеді. БАҚ саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар Серік Сәрсенбайұлы еңбек жолын 2000 жылы «Қазақстан-Ақтау» (қазіргі "Маңғыстау") телеарнасында оператор болып бастаған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86852,86851"]