Тұрар Жолдыбаев атындағы спорт кешенінің дзюдошылары мен бапкерлері бүкіләлемдік дзюдо күніне орай халықаралық федерация акциясына үн қосты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жыл сайын 28 қазан аталған спорт түрінің негізін қалаушы Дзигоро Каноның туған күнінің құрметіне дүниежүзілік дзюдо күні өткізіледі. Бұл жылы халықаралық дзюдо федерациясы айтулы күнді ғаламшарды құтқаруға арнап, шараның тақырыбын "Ағаш отырғыз" деп атады. Ғаламшар қауіп-қатердің алдында тұрғанын ескерген халықаралық дзюдо федерациясы әрбір дзюдошыны айналаны көгалдандыруға шақырды. Осы акцияға атсалысу мақсатында Маңғыстау облыстық дзюдо бапкерлері мен дзюдошылар Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо спорт мектебінің жанына жасыл-желек егіп, ағаш түбін қопсытып, ақтау жұмыстарын жасады. Игі шараға талай үздік дзюдошыны тәрбиелеген бапкер, халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Бисенқұл, дзюдодан ересектер арасында Маңғыстау облыстық және ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев, сондай-ақ Т.Жолдыбаев спорт мектебінің директоры Ғалымжан Қыдырсиық қатысты. - Өткізіп жатқан шарамыз бүкіләлемдік дзюдо күнінің биылғы тақырыбына қосқан үлесіміз деп ойлаймын. Алда уақытта осы игі бастама жалғасып тауып, дәстүрге айналдырамыз деген ойымыз бар, - деді Т.Жолдыбаев спорт мектебінің директоры Ғалымжан Қыдырсиық. Шараға жастар мен жасөспірімдер жаттықтырушыларынан бөлек 50-ден аса спортшы қатысты.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86788,86793,86789,86790,86791,86792"]