Бұл жұмыста әлеуметтік желілердің тарихына шолу жасалып, әлеуметтік желілердің қоғамға және адамға әсері зерделенеді. Қазіргі заманның қаншалықты әлеуметтік желіге тәуелділігі бағаланады.
Түйін сөздер: әлеуметтік желі, қоғам, адам, медиа, статистика.
Әлеуметтік медиа – бұл ХХІ ғасырдағы адамдардың өміріне берік енген ерекше құбылыс. Пайдаланушылардың орташа жасы 7-ден 48 жасқа дейін, ал виртуалды, ойдан шығарылған әлемде өткізген уақытты санау мүмкін емес. Әлеуметтік желі дегеніміз әртүрлі графиктерден жасалған әлеуметтік қатынастарды құруға, көрсетуге және ұйымдастыруға арналған платформа, онлайн-сервис немесе веб-сайт болып табылады. Бұл құбылыстың пайда болу себебі – әртүрлі континенттегі адамдардың бір-бірімен байланыс қажеттілігінің артуы. Соның арқасында кейбір әлеуметтік желілердің танымалдығы қазіргі уақытта барлық рекордтарды бұзады.
Әлеуметтік медианың дамуы мен қалыптасу процесі АҚШ-пен байланысты және ол ХХ ғасырдың аяғында таныла бастады. Ал посткеңестік елдерде әлеуметтік желілер 2006 жылдан бастап пайда бола бастады.
Adobesocial зерттеуінің мәліметтері бойынша, әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі 2,9 миллиард аккаунты бар Facebook болып табылады, екінші орынды 2,5 миллиард аккаунты бар YouTube алса, үшінші орынды WhatsApp әлеуметтік желісі (2 миллиард аккаунт) иеленеді. Сонымен қатар, adobesocial өзінің зерттеуінде рейтингтегі 21 әлеуметтік желіде тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны Жердегі адамдар санына жеткенін атап өтті.
Сонымен, леуметтік желілер бізді қалай қызықтырады және олар біз ойлағандай қауіпсіз бе? Әлеуметтік медиа бізге жан-жақты дамуға мүмкіндік береді: біз өзімізді қызықтыратын кез келген фильмді көре аламыз, музыка тыңдай аламыз, кез келген кітапты оқи аламыз, шет тілін үйренеміз және т.б.
Әлеуметтік желілердің кері салдары да бар, оның ішіндегі ең қауіптісі – адамның физикалық жағдайына теріс әсері, яғни тәуелділіктің пайда болуына әкелуі мүмкін. Әр минут сайын жаңа контент көру адам бойындағы бақыт гармонына әсер етіп, мидағы эмоция орталығын тітіркендіріп, ұмытшақтыққа әкелуі мүмкін. Әлеуметтік медиа миға арналған есірткі сияқты нәрсеге айналуы әбден мүмкін. Адам кез-келген ақпаратты үнемі, тұрақты түрде алуға дағдыланып қалады, егер күтпеген жерден бұл ақпараттық конвейер тоқтаса, адам қандай да бір жетіспеушілікті сезінеді.
Тағы бір жағымсыз әсері – зейін ұзақтығының төмендеуі. Бұл ақпаратты интеграциялау философиясының арқасында пайда болған кері әсер: бір желілік ресурстармен жұмысқа аудио тыңдау, бейнелерді қарау, талқылау сияқты басқа да функциялар қосылады да, адам миы бір ғана затқа зейін қоя алмай қалады. Бұл біздің ойлау қабілетімізге теріс әсер етеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер қылмыстық әрекеттің жаңа түрлерін тудырды. Ғаламдық желіде алаяқтықтың жақсы ойластырылған түрі әлдеқашан дамып кеткен, оның бір түрі адамдардың байланыс және әлеуметтік ақпараттарын ұрлау немесе басқа адам атынан ақпарат беру үшін есептік жазбаларды басқару және иемдену болып табылады.
Әлеуметтік желілердің кері әсерлеріне қарамастан оған тіркелушілердің саны күннен күнге артып келеді. Тіркелушілерді орташа жасы 7-ден 48-ге дейін өзгеріп отырады. Осы ақпараттарға сүйене отырып, адамзат әлеуметтік желіге әбден тәуелді деп болжауға болады.
Әрбір екінші адам таңын әлеуметтік желісін тексерумен бастайды. Әлеуметтік желісіз қазіргі қоғамды елестету қиын. Кез келген қоғамдық орында адамдарды ұялы телефонсыз немесе басқа байланыс құралдарынсыз көру сирек құбылысқа айналған.
Статистикаға сүйенсек әлем халқының шамамен 59.3% - ы кем дегенде бір әлеуметтік медиа платформасын пайдаланады екен. Әлеуметтік медиаға өткен жылы 190 миллион жаңа пайдаланушы қосылған, яғни әлеуметтік желілердің жылдық өсу қарқыны 4.2% құрайды деген сөз. Сарапшылар әлеуметтік желілердің танымалдылығының артуын ұялы телефондарды кеңінен қолданумен байланыстырады, өйткені 4.08 миллиардқа жуық тұтынушы ұялы телефондарды сүйікті әлеуметтік медиа платформаларына кіру үшін пайдаланады. Біздің әлеуметтік желілерде өткізетін уақытымыз жыл санап өсуде. 2015 жылғы дерек бойынша тұтынушы әлеуметтік желілерде орташа есеппен 1 сағат 51 минутты өткізсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 50.33% - ға, яғни 2 сағат 27 минутқа дейін өсті.
Әлеуметтік медиа туралы тағы бір статистикаға сүйенсек, YouTube 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 95% пайдаланатын әлеуметтік медиа платформа болып табылады екен, Tik tok осы жастағылардың 67%-ын құрап екінші орынға, ал Instagram 62%-бен үшінші орынға жайғасқан. Пайдалану туралы айтатын болсақ, АҚШ-тағы жасөспірімдердің 55% - ы әлеуметтік желілерде жеткілікті уақыт өткізетінін, ал 36% - ы платформаларда тым көп уақыт жұмсайтынын айтқан. Жасөспірімдердің тек 8% - ы оларды жеткіліксіз пайдаланатынын жеткізген.
Әлеуметтік медиа платформаларын пайдаланушылар саны күннен күнге қарқынды түрде өсуде. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі пайдаланушылардың саны бүкіл әлем бойынша 4.74 миллиардтан асқан. Пайдаланушылардың көпшілігі күнделікті әлеуметтік желідегі өз есептік жазбаларына қол жеткізе алады. Instagram өз пайдаланушыларымен “ара-қатынаста” ең жоғары деңгейге ие, 50% Instagram пайдаланушылар платформаны күніне бірнеше рет тексеретіндерін хабарлайды.
Жаңа деректер жасөспірімдердің әлеуметтік медианы пайдалану көрсеткіштерінің күрт өскенін көрсетеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасында айтылған. Келтірілген зерттеуде атап өтілгендей, жасөспірімдердің 12%-да әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелділікке байланысты психологиялық проблемалар, ал 11%-да психикалық ауытқулар бар. Төрт жыл ішінде бұл көрсеткіш төрт пайыздық тармаққа өскен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары айтқан мәселелер келесі симптомдардың спектрімен көрінеді: әлеуметтік медианы пайдалану уақытын бақылай алмау, оларды қолдануды тоқтатудан және басқа әрекеттерден бас тарту, оларды күнделікті өмірде шамадан тыс пайдалану. Бұған дейінгі зерттеулер ерте балалық шақта планшеттік компьютерлерді пайдалану баланың тез ашулануына алып келетінін көрсетті. Ерте балалық шақтағы гаджеттерге деген құштарлық эмоциолық проблемаларды реттеу цикліне ықпал етуі мүмкін.
Әлеуметтік желілер туралы қызықты статистикалар:
- Орташа алғанда, адам айына 6-7 түрлі әлеуметтік желіні пайдаланады;
- Бір интернет-минутта 41,6 миллион WhatsApp хабарламасы жіберіледі, ал Facebook-тағы 4 миллион постқа лайк басылады.
- Google-дан кейін YouTube - әлемдегі ең көп кіретін екінші сайт.
- YouTube-тегі алғашқы бейне, "Mен хайуанаттар бағындамын" (ұзақтығы 18 секунд), 2005 жылдың 24 сәуірінде жүктелген және 310 миллионнан астам қаралым жинаған.
- Апта сайын алпыс бес миллион адам жұмыс іздеу үшін LinkedIn-ді пайдаланады, 28 миллион қолданушы #OPENTOWORK хэштегіне қосылады, LinkedIn-де әр минут сайын алты адам жұмыс табады екен.
Қорытындылай келе, адамзаттың әлеуметтік желілерге тәуелді екенін көруге болады. Әлеуметтік желілердің адам миына әсерін ескере отырып, әрбір адам әлеуметтік желінің тек пайдалы тұстарын алатынына сенуге болады.
Сілтемелер:
1. https://applied-research.ru
2. https://www.mk.ru/social/2024/09/25
3. https://thesocialshepherd.com/blog/linkedin-statistics.
4. https://collabstr.com/2023-influencer-marketing-report
5. https://www.forbes.com/sites
Муналова М.А.