2 маусым күні Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылында жаңа мешіт ашылды. Бұл - Маңғыстауда тұрғызылып жатқан жиырма тоғызыншы мешіт. Мешітті салтанатты түрде ашу рәсімі Түпқараған ауданының құрметті азаматы, Сайын Шапағатов селолық округі ақсақалдар кеңесі төрағасы Икембай Терекбай мен Маңғыстау облысы ақсақалдар кеңесі төрағасы Серікбай Төлетовке бұйырды. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мерекеге арнайы Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов келіп, тұрғындарды құттықтады. 2 қабатты жаңа мешітке 350-ге жуық адам сыяды. Мешіттің тұрғызылуына демеушілік білдірген ұйым - Біріккен Араб Әмірлігінің Қызыл Жарты Ай қоғамы. Еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Сайын Шапағатов ауылындағы мешітінің бас имамы болып Сисенбаев Жеңіс Құлбайұлы тағайындалды. Жеңіс Құлбайұлы бүған дейін Қарақия ауданы орталық мешітінің бас имамы болған. Сондай-ақ, Түпқарағанға қарасты Ақшұқыр ауылында тұрғындардың күшімен мешіт тұрғызылып жатыр.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ